МТРА жаңалықтары

Кітапхана қоры 300 туындымен толығады

Қазіргі таңда Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 213 мың дана кітап бар. Жуырда мұндағы мамандар 200-ден аса шығарманы техникалық өңдеуден өткізіп, оқырманға ұсыныпты. Түрлі тақырыпты қамтитын туындылардың қатары жақында тағы 300 еңбекпен толықпақ. Бүгінде қызметкерлер жаңа түскен асыл қазынаны сөреге қоюға дайындап жатырмыз дейді. Айтуларынша, осы күні
балаларды көбінесе психологиялық және ой-өрісті дамытуға арналған кітаптар қызықтырады екен. Соған байланысты қара шаңыраққа шетелдік бірнеше танымал автордың еңбегі түсіпті.

Айсұлу Бердоғұлова, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының бөлім меңгерушісі:
– Өзін-өзі дамыту бағытында Дейл Карнеги мен Джозеф Хиллдің, ал көркем және балалар әдебиетінен Стивен Кинг пен Холли Вебб секілді шетелдік авторлардың кітаптарын оқырман қауымға ұсынамыз. Сонымен қатар, кітапхана қоры отандық жазушылардың да туындыларымен толығып тұрады. Жақында бізге Ғабит Мүсіреповтің қайта басылған «Қазақ солдаты» кітабы келді.

Бердимурат Баймухан