МТРА жаңалықтары

Петропавлда 80-нен астам сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр

XIII қысқы Паралимпийада ойындарының қола жүлдегері Александр Герлиц те саяси науқаннан шет қалмады. Азамат №633 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Жалпы, бұл учаскеде бүгін 2100-ден астам жерлесіміз дауыс бермек.

АЛЕКСАНДР ГЕРЛИЦ, XIII қысқы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері
– Елімізде ауқымды әрі маңызды саяси іс-шара өтіп жатыр. Конституциямыз жаңарып, жаңғырады. Бүгін әр қазақстандық еліміздің болашағы үшін дауыс береді.

Референдумға дейін облыстық мәслихаттың депутаты Евгений Кинцель ақпараттандыру жұмысына қатысып, қалың көпшілікті құлақтандырды. Ал бүгін азамат өз учаскесіне алғашқылардың бірі болып барып, таңдау жасады.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихаттың депутаты
– Еліміздің ертеңіне алаңдайтын барлық азаматтар бұл саяси науқаннан шет қалмауы тиіс. Референдум – жаңа Қазақстанның алғашқы баспалдағы. Конституциялық заңдарға өзгеріс енгізілгеннен кейін еліміздің әрі қарай қалай дамитындығын көре жатармыз.

Әрбір дауыс ел болашағы үшін маңызды. Бүгін №575 сайлау учаскесіне таңдау жасауға келген Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы Фархад Қыстаубаев осындай ойда.

ФАРХАД ҚЫСТАУБАЕВ, XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы
– Болашақта еліміз гүлденіп, дамуы үшін бұл саяси науқаннан шет қалмауымыз керек. Референдум жастарымыздың жарқын болашақта өмір сүруіне жол ашады. Сол үшін әрбір азаматтың дауысы маңызды.

Айта кетейік, бұл науқаннан кейін Конституциядағы 31 бапқа өзгеріс енгізіліп, 2 жаңа бап қосылады. Жалпы, бүгін Петропавлда 80-нен астам сайлау учаскесі жұмыс істеуде.


Алдияр Айтпаев