МТРА жаңалықтары

Тепличное тұрғындары таңдау жасады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бүкіл халық асыға күткен тарихи референдум аудан орталықтарында, ауылдарда да өтіп жатыр. Қызылжар ауданына қарасты Тепличное елді мекенінде 303-ші учаске орналасқан. Мұнда 416 адам дауыс беруі қажет. 2 жарым сағаттың ішінде жергілікті халықтың 50-і өз таңдауын жасапты.

Дауыс беру 10-ға таман қарқын алды. Бұл уақытта үйдегі шаруадан енді қолдары босаған Тепличное тұрғындары жаппай ауылдағы клубқа асықты. Көпшілікпен бірге референдум учаскесіне облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов те келді. Өңірдің Құрметті азаматы жанұясымен ішке өтіп, комиссия мүшелеріне тіркелді. Көп ұзамай таңдау жасалған бюллетеньмен ортадағы жәшікке жақындады. Ел ағасы отандастарымыздың дәулеті шалқыған, бірлігі жарасқан елде өмір сүретін уақыты жетті дейді.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, СҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы:
– Бүгінгі референдумда халықтың назарына ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар бізге жақсы үміт сыйлап отыр. Біз еліміздің байлығын толық пайдаланып, “жұрт қатарлы”, өркениетті елдермен бірдей өмір сүруге мүмкіндік аламыз. Мұны халық түсінеді, Президенттің ұсыныстарын жақтайды деп ойлаймын.

Жақтаумен іс бітпейді. Керісінше, маңыздана түседі. Бұл сәтте отандастарымыз жауапкершілік танытулары қажет. Сонда ғана жоспарланған шаруа жүзеге асады, Жаңа Қазақстан құрылады.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, СҚО қоғамдық кеңесінің төрағасы:
– Халық Президент ұсынып отырған саяси реформаларды жүзеге асыруға белсене қатысуы қажет. Мысалы, биліктің тепе-теңдігі, мәслихат және мәжіліс депутаттарын сайлауда жауапкершілік танытып, лайықты адамдарды сол органдарға ұсынса, біздің көп мәселелеріміз оң шешімін табады.

Тарихи таңдау жасаған өзге тұрғындар да осындай пікірде. Жерлестеріміз солтүстікқазақстандықтарды бүгін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, дауыс беруге шақырады.

БЛИЦ:
– Бүгінгі референдумнан соң еліміз дами түседі деген үміттемін. Біз бастамалардың барлығын қолдаймыз.
–  Мен – Қазақстанның азаматшасымын. Мұндай сәтте бәріміз жұдырықша жұмылуымыз қажет.

1 сағатта Тепличное елді мекенінде дауыс берген жандардың саны 100-ге таяды. Олардың ішінде жастар да бар.

Елена Проскурякова, №303 сайлау учаскесінің төрайымы, Қызылжар ауданы
–  Біздің учаскеде тіркелген 416 адамның 2-еуі алғаш рет дауыс бермек. Жаңа 1-еуі келіп өз таңдауын жасап кетті. 5 адамнан тұратын комиссия таңсәріден жұмыс істеп жатыр. Бақылаушымыз бар. Тұрғындарды кешкі 8-ге дейін күтеміз.


Байболат Култанов