МТРА жаңалықтары

Референдум – 2022

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, тілші:
– Қазақстанда Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум басталды. Сайлау учаскелері таңғы сағат 7-де ашылды. Ресми мәлімет бойынша бүгін Қазақстанда 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Елде дауыс беру құқығына ие 12 млн-нан астам азамат бар.

Петропавлдағы №595 сайлау учаскесіне 1300-ден астам адам тіркелген. 3 сағаттың ішінде мұнда 110 тұрғын келіп, өз таңдауын жасады. Саяси іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов та келіп қатысты. Аймақ басшысы бұл науқан еліміздің болашағын айқындап, оның дамуына үлкен өзгерістер әкелетінін айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жаңа Қазақстан құру – бәріміз үшін жауапты әрі өте маңызды кезең. Бүгінгі референдумда еліміздің болашағы айқындалады. Халық өзгерістерді күтеді. Жаңа Конституцияны үлкен реформалардың басы ғана деп айтуға болады.

Дауыс беру учаскесіне келіп, өз таңдауын жасап жатқан халықтың қарасы көп. Кейбір тұрғындар кішкентай балаларына дейін ертіп келіпті. Сөздерінше өскелең ұрпаққа осылай елдегі маңызды саяси науқандарға жауапкершілікпен қарап, белсенділік таныту керектігін түсіндіреміз дейді.

АЛТАЙ ЖУАНЫШПАЕВ, қала тұрғыны:
– Отбасымызбен дауыс беруге келдік. Коституциядағы 33 бапқа енгізілетін өзгерістердің барлығы қамтылады деп ойлаймын.

Іс-шараға ардагерлер де келді. Референдум комиссиясының мүшелері қазыналы қарттарымызға алғыстарын айтып, арнайы сыйлық ұсынды.

Айта кеткен жөн, дауыс беруге келе алмаған азаматтар үшін жылжымалы бригада да қызмет көрсетті. Бүгін оның көмегіне №595 сайлау учаскесіне тіркелген 16 петропавлдық жүгініпті.

Бердимурат Баймухан