МТРА жаңалықтары

622-сайлау учаскесінде 2 мыңнан астам адам дауыс бермек

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші
– №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінде 622-ші сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Таңмен таласа тұрып дауыс беруге келген жандардың қарасы қалың. Жалпы, бүгін бұл учаскеде 2 мыңнан астам адам дауыс бермек.

Учаске есігі таңғы сағат 7-ден айқара ашық тұр. Қолда бар ақпарға сүйенсек, сағат 10-ға дейін, яғни, 3 сағат ішінде мұнда 200 солтүстікқазақстандық келіп, өз дауысын беріп кеткен. Қазір де мекеме есігін ашқан жас-кәрінің қатары көбеймесе сирер емес. Саяси іс-шарада Владимир Витченко да төбе көрсетті. Бұған дейін халыққа референдум жайлы түсіндіру жұмыстарын жүргізген азамат бүгін Жаңа Қазақстанды құру жолында өз таңдауын жасады.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, қалалық мәслихаттың депутаты
– Жаңа Қазақстанның Конституциясын ауқымды өзгеріс күтіп тұр. Бүгінгі референдумның нәтижесін жақын арада көре жатармыз. Әрине, уақыт қажет. Дауыс беру науқанына туған-туыс, достарымның бәрі қатысып жатыр. Сайлау учаскелеріне келіп жатқан халық нөпірі қалың. Бұл қазақстандықтардың өзгерісті қалайтындығын білдіреді.

Мұндай науқанға Индира Ахметбекова алғаш рет қатысып отыр. 22 жастағы бұрымды референдумға асыға келіпті. Себебі, алдағы өзгерістер ел үшін және біз сияқты жастар үшін өте маңызды,- дейді нәзікжанды.

ИНДИРА АХМЕТБЕКОВА, қала тұрғыны
– Әр адам өз таңдауын жасауы тиіс. Конституциямыздың жаңаруына қатысты ұсыныстармен толық танысып шықтым. Өз басым бұл өзгерістер барлық халық үшін пайдалы болады деп ойлаймын. Жаңа Қазақстанды құруға барлығы бір адамдай ат салысуы қажет.

Аз-кем статистикамен бөлісейік. 622-ші дауыс беру учаскесінде бүгін кәмелет жастан енді асқан 20-дан астам жас өз таңдауын жасамақ. Олардың біреуі мұнда таңғы сағат 7-де келіп кеткен.

ӘЙГЕРІМ УӘЛИЕВА, №622 сайлау учаскесінің төрайымы
– Комиссия мүшелері бір айдың көлемінде дайындық жұмыстарын жүргізді. Референдумға шақыру билеттерін таратып, сайлаушылардың тізімін құрды. Негізінде, сайлау комиссиясының мүшелігіне 9 адам кірген. Оның біреуі – комиссия басшысы, тағы біреуі – хатшысы.

Дауыс беру учаскесінің тіркеуінде тұрған мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлер үйлерінде таңдау жасай алады. Осы мақсатта 622-ші учаскеде көшпелі қос бригада құрылған.


Алдияр Айтпаев