МТРА жаңалықтары

Жамбыл ауданында этноауыл құрылды

Аттың жалы мен түйенің қомында жүріп ұлан-ғайыр атырапты сақтап қалған ата бабамыз келешек ұрпаққа салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты да мұра етіп қалдырды. Күрес, ұлттық ойындар, қолөнер, киіз үй, жылқыға міну мәдениеті. Мұның барлығы -халқымыздың асыл қазынасы. Абыз бабаларымыздың өнегесі мен тәлім-тәрбиесін жастарға насихаттау – біздің басты парызымыз. Осы мақсатта Жамбыл ауданындағы «Лесная поляна» жазғы лагерінде «Атамекен» этноауылы ашылды. Мұндағы мамандар 1 ай көлемінде жергілікті мектеп оқушыларын қабылдамақ.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Кешегі дәуірлерде жүргендей күй кештіретін этноауылдың сиқырлы күші кіреберісінен-ақ аңғарылады. Мұнда келген қонақтарды ұлттық үлгіде киінген әжелер мен батырлар күтіп алуда. Лагерьге бас сұққан жан қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары және мәдениетімен анағұрлым жақынырақ таныса алады.

«Атамекен» этноауылында жастарға қазақтың салт-дәстүрі кең көлемде таныстырылуда. Бір жерде балалар асық атып, мергендіктерін сынға салса, ар жағында ақ жаулықты әжелеріміз қазанға май қыздырып, дәмі тіл үйірер бауырсақ пісіріп жатыр. Тағы бір жерде алтыбақан құрылған. Ал мұнда балалар ат ерттеуді үйреніп жатыр. Олардың үйретушісі – көпшілікке «Жылқышы қыз» лақап атымен танылып үлгерген жерлесіміз Асыл Ахметова.


Асыл Ахметова – Жамбыл ауданының тұрғыны:
-,Мынау ноқта деп аталады, ал мынау шылбыр деп аталады. Қазір біз енді атқа жүген саламыз. Ол жылқыға мінген кезде жануарды басқаруға арналған.

Сондай-ақ, балалар жылқыны ерттеп үйренген соң оған мініп те көрді. Мұндағы қызметкерлер әр оқушыны атқа отырғызып, лагерь ішіп бір айналып шықты.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Ал мына жерде шебер сізге ағаштан тұрмыстық заттарды қалай жасау керектігін үйретеді. Этноауылға келген әрбір жан шебердің қолынан шықан бұйымдарды өзі істеп көре алады. – Аға, мына ас ішетін ыдысты жасау үшін қанша уақытыңыз кетті?
СӘТБЕК ЖАҚИЯНОВ, қолөнерші, Жамбыл ауданы:
Ағашты ең алдымен 1 жыл кептіріп бабына келтіру керек. Ең қиын жұмысы сол.

Лагерьге келген балалар мәз-мейрам. Шат-шадыман күйлерін жүздерінен-ақ байқауға болады. Бүгін олар асыр салып ойнап, халқымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімен танысты.

БЛИЦ:
– Бүгін өмірімде бірінші рет жылқы міндім. Осындай этноауылдың құрылғаны – жақсы бастама. Қазақ халқының қаншама дәстүрімен таныстым.

Сөз соңында айта кетейік, «Атамекен» этноауылының есігі 1 ай бойы ашық болады. Яғни, Жамбыл ауданындағы мектеп оқушыларының барлығы осында 1 күндік демалысқа тегін келіп кете алады. Тағы бір ескеретін жайт, мұндай бастама ел көлемінде алғаш болып біздің облыста әрі Жамбыл ауданында былтыр қолға алыныпты.

Бердимурат Баймухан