МТРА жаңалықтары

Президент Қазақстан халқына бейнеүндеу жасады

Бүгін 16:00-де Президент Қазақстан халқына бейнеүндеу жасады. Шамамен 5 жарым минутқа созылған сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев ертеңгі жалпыұлттық референдумның маңыздылығына кеңінен тоқталды.

Ата заңға енгізілетін өзгеріс барлық азаматтың мүддесін, құқығы мен еркіндігін қорғауға бағытталады. Республикалық саяси іс-шараның нәтижесінде мемлекетіміз түбегейлі жаңғырмақ. Ал бұл өз кезінде Жаңа, Әділетті Республиканың негізін қалауға алып келеді. Сайлау заңнамасындағы барлық норманың мүлтіксіз сақталуына мән беріледі. Сайлау күні халықаралық бақылаушылар мен еліміздегі қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бел жазбай тер төкпек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
–  Алдағы референдум мемлекетімізді нығайтуға және қоғамды тың серпінмен дамытуға жол ашады. Мен әрбір азаматымызды ел тағдырын айқындайтын тарихи таңдау жасауға шақырамын. Бұл референдумда әр азаматтың дауысы маңызды. Әрбір азамат тұтас ұлттың тағдырына, яғни тікелей өз тағдырына оң ықпал ете алады. Ендеше, 5 маусым күні өз таңдауымызды жасайық! Жаңа Қазақстанды бәріміз бірге құрайық!

Байболат Култанов