МТРА жаңалықтары

Өңірде егістік науқаны аяқталуға жақын

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Өңір аграрийлері көктемгі егістік науқанын аяқтауға жақын. Мәселен, жамбылдық диқандар биыл 305 мың гектар жерге тұқым сіңірмекші екен. Қазіргі күні қызметкерлер шаруаның 92 пайызын тәмамдапты. Алдағы бірнеше күнде жұмыс толығымен мәресіне жетеді.

Маңызды науқанды жамбылдықтар мамырдың ортасында бастапты. Содан бері техника тізгіндеген жандар күн-түн демей танап басында жүр. Дән егуге жалпы саны – 215 агроқұрылым кіріскен. Қазіргі күні диқандар алқапқа 27 мың тонна дәнді және дәнді бұршақты дақыл, сондай-ақ, 2,5 мың тоннаға жуық майлы дақыл еккен. Қалғандарына көкөніс отырғызылып жатыр.

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
– Қуанышымызға орай биыл ауданға жауын-шашын мол түсуде дейді жамбылдық аграрийлер. Қазір біз жергілікті егістік алқаптарының бірінде тұрмыз. Дәл осы жерді жаңа ғана арнайы техника тұқым сеуіп, бораналып кетті. Енді топырақты уысымызға алып қарайтын болсақ, көп шаң шықпайды. Бұл дегеніміз топырақтағы ылғалдың мол екенін білдіреді.

Топырақтың ылғалдылығы 40 пайызды құрайды екен. Бұл жақсы көрсеткіш дейді «Агротехника Жамбыл» серіктестігінің диреткоры Олег Григорьев. Құрғақшылық болмаса аграрий биыл гектарынан 20 немесе 25 центнерге дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Биыл ол 14 мың 800 гектар жерге егін еккен.

Олег Григорьев, «Агротехника Жамбыл» ЖШС директоры:
– Былтыр құрғақшылық біраз әбігерге салды. Соған қарамастан орта есеппен гектарына 9 центнерден майлы және 14 центнерден аса дәнді дақыл алдық. Минералды тыңайтқыш көп көмегін тигізді. Осыған орай биыл оның көлемін арттырдық. Сондай-ақ, 350 тонна элиталық тұқым сатып алдық.

Диқандарға мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Яғни, сатып алынған тұқым, техника мен минералды тыңайтқыштың 30 пайызға жуығы субсидияланады. Жалпы, қазіргі күні Жамбыл ауданындағы аграрийлер көктемгі дала жұмыстарын тәмамдауға жақын. Алдағы бірнеше күнде шаруаны толығымен аяқтамақ.

Бердимурат Баймухан