Мәдениет

Облыстық қуыршақ театры кезекті маусымын қорытындылады

Облыстық қуыршақ театры 32-ші маусымның шымылдығын жапты.
Театр маусымының нүктесі екі тілде құрылған «Менің сүйікті әкем» атты спектакльмен қойылды.
Оқиға желісі мынадай: қасқыр мен түлкі қосылып тауықтың балапанын ұрлап әкетеді. Уақыт өте келе қасқыр манағы балапанға бауыр басып қалғанын байқайды. Бірақ, түлкіге бұл ісі ұнамай, балапанды қолды қылмақшы болады.
Осы сәтте балапанды баласындай көрген қасқыр оны қорғаштап, әкелік мейірімін көрсетеді. Ақыры соңында құсты оның жақындарына қайтарып береді. Бұл сахналық ертегі арқылы тасталған ой: түлкі сияқты тасжүрек болмау керек, осы қасқыр сияқты мейірімді болу қажет.

БЛИЦ

–  Ерекше қойылым. Кейіпкерлері қатты ұнады. Қарындасым екеуіміз керемет әсер алдық. Алдағы уақытта тағы да келемін.
– Қойылым өте қызықты болды. Шынымды айтсам, соңында қасқыр балапанды өзі жеп қоя ма деп қорықтым. Әйтеуір, ол балапанды ата-анасына қайтарып берді.

Мейрам Сексенбаев – облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі
–  Қазіргі таңда жылдың басынан бері карантин аяқталғаннан кейін көрермендеріміз бірте-бірте көбейіп, бұрынғы қалпына келіп жатыр. Қойылып жатқан спектакльдерді балалар сағынса керек көбі біздің театрды босатпай жатыр.

Бүгінде облыстық қуыршақ театрында 10-нан аса актер еңбек етеді. Театр маусымын сәтті жапқан ұжым алдағы уақытта 2 қалаға гастрөлдік сапарға шығуды жоспарлап отыр.

Самал Жунусова