МТРА жаңалықтары

Ғалым Малдыбаевтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Бүгін Петропавлда қоғам қайраткері, ақын-жазушы, журналист Ғалым Малдыбаевтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.

Ғалым Малдыбаев 1902 жылы Шал ақын ауданына қарасты Жаңажол ауылында дүниеге келген. 21 жасында өзі шығармашылық жолға түсіп, өлең жаза бастапты. Ақын негізінен табиғат, махаббат, Отан тақырыптарында қалам тербеген. Бүгінде ақынның оқырманға жеткен өлеңдері мен дастандары 9 кітап болып басылып шыққан.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына жерлесіміздің туған-туысы, ауылдастары мен шәкірттері қатысты. Араларында Тұрар Оразалин де бар. Зейнеткер Ғалым Малдыбаевпен бірге бір ауылда тұрған.

Тұрар Оразалин, Ғалым Малдыбаевтың ауылдасы
– Ғалым Малдыбаев Ыбыраев ауылында тұрып, өзінен кейінгі ақын-жазушыларды тәрбиеледі. Ағамыздың ықыласымен Ахметжан Нұртазин секілді, Жарасбай Нұрқанов сияқты белгілі ақын-жазушылар шықты.

Бұл салтанатты жиынға елордадан арнайы келген ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев та қатысты.

Мәлік Отарбаев,  ҚР Президентінің кеңесшісі:

Сондай-ақ, салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов
Ғалым Малдыбаевтың әдебиет саласына сіңірген еңбегіне тоқталып өтті.

 Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Жерлесіміз, белгілі қоғам қайраткері, ақын және жазушы Ғалым Малдыбаевтың құрметіне мемориалдық тақта ашылғалы отыр. Бүгінде жерлесіміздің шығармашылығы көптеген қазақстандықтарға таныс. Шығармалары мектеп оқулықтарына да енгізілген.  Шал ақын ауданы Жаңажол ауылында дүниеге келген ағамыздың есімі сол ауылдағы мектепке берілді. Петропавл және Сергеевка қалаларында оның құрметіне көшелер берілді.

Ғалым Малдыбаевтың құрметіне арналған мемориалдық тақта бұрын өзі қызмет еткен әкімшілік мекеме болған ғимарат – бұл қазіргі “ЦУМ”-ның қабырғасына орнатылған.

Ақбаян Малдыбаева, Ғалым Малдыбаевтың қызы:
– Әкем туралы қанша айтсам да көп емес. Бүгін ол кісінің туғанына – 120 жыл. “Ер есімі – ел есінде” деген осы. Әкемнің өмірде қалдырған естелігі көп. Ақын, жазушы. Соғыс жылдарында да, майданнан кейін де әдебиетке қосқан үлесі көп. Сәбит, Ғабит, Ілияс, Сәкен ағалармен жұмыс жасады.

Ғалым Малдыбаев сексеннің сеңгіріне келіп дүниеден озды. Қоғам қайраткерінің 120 жылдығына орай өңірде түрлі мәдени іс-шаралар легі бастау алды.

Дана Ешкенова