МТРА жаңалықтары

Аққайың ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Бұрын ауыл жастарында спортпен кәсіби деңгейде айналысуға мүмкіндік болмаған еді. Соңғы бірнеше жылда бұл мәселе ақырындап шешімін тауып келеді. Қазір облысымыздың әр ауданындағы мәдениет ғимараттарының ішіне заманауи тренажерлер орнатылып, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен жабық хоккей корттары салынуда. Соның бірі Аққайың ауданының Смирново ауылында ашылды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгін біз Смирновода облыс бойынша 6-шы сауықтыру кешенін ашудамыз. Қазір аймақта тағы төртеуінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл шаруа жыл соңына дейін аяқталады. Мұндай бастамалар ең алдымен жастар үшін қолға алынып жатыр. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде кез келген адам қалаған спорт түрімен тегін шұғылдана алады. Алдағы уақытта осында жаттыққан кәсіби спортшыларымыз жақсы нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенеміз.

Футбол, волейбол және жаттығу залдары, теннис үстелдері мен боз кілемдер. Жаңа нысанда бірнеше спорт түрі бойынша жүздеген бала жаттығуға кіріскен. Жастарды білікті жаттықтырушылар тәрбиелейді.

БЛИЦ

– Спорт кешені өте ұнады. Біз мұнда күн сайын келіп жаттығамыз.

– Мына тренажерлердің көмегімен жылдам жүгіруге үйренеміз. Бұл шаңғы жарысында жеңіске жетуге септігін тигізеді.

Бердимурат Баймухан