МТРА жаңалықтары

Өңір мұғалімдері бас қосты

Педагогикалық этика, жұмыстың мерзімі мен нақты көлемі, міндеттер мен құқықтың сақталуы. Өңірдегі білім беру ұйымдарында мұғалімдер мен тәрбиешілердің қызметіне қатысты заңмен бекітілген талаптар қалай орындалып жатыр? “Өрлеу” орталығында өткен жиында осы мәселе қаралды. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының қатысуымен өткен жиынға негізінен балабақша мамандары келіп отыр. Мектепке дейінгі білім беру мекеме қызметкерлерінің айтуынша бала тәрбиесімен айналысатын жандарға көп жағдайда өз міндетіне кірмейтін жұмысты атқаруларына тура келеді.

АЙНҰР ДАНИЯРОВА, “Балауса” бөбекжай-балабақшасының әдіскері
– Қазіргі күнде нормативтік-құқықтық актілердің барлығы өзгеріп жатыр. Барлығы жаңа форматта тапсырып жатыр. Тестілеу, атестаттауға болсын көптеген жаңа пунктер енгізілді. Өкінішке қарай, көптеген мұғалімдер нормативтік актілермен таныс емес. Жыл сайын өзгеріс енгізіледі. Кейбір педагогтар содан бейхабар болады. Сол үшін осындай жиындар өткізілуі тиіс.

Іс-шараның мақсаты да осы. Педагогтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Кездесуді “Өрлеу” орталығының мамандары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментімен берлесіп өткізіп отыр.

АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы
– “Өрлеу” АҚ СҚОФ мен білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің ынтымақтастық туралы келісім шарты негізінде орталықта департамент мамандары құқықтық сағаттар өткізіп тұрады. Курсқа келген мұғалімдерге білім саласында мемлекеттік бірыңғай саясатты жүргізу барысында туындап жатқан сауалдарына толық жауап беруге тырысамыз. Бүгінгі ашық диалог “Құқықтық түсіндіру” тақырыбында өтеді.

Айта кетейік, жыл басынан бері “Өрлеу” орталығында 600 солтүстікқазақстандық педагог арнайы курстардан өткен.

Алдияр Айтпаев