МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік рәміздерге – 30 жыл

ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығын мерекелеу аясында еліміз бойынша 180-нен астам іс-шара өткізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингі барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлім етті.

Ту, Елтаңба және Әнұран. Дәл осы нышандар Қазақстанның дербестігі мен тәуелсіз ел екенін дәлелдейді. Сондықтан, елімізде мемлекеттік рәміздердің мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін бірқатар іс-шара қолға алынған.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі
–  Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі осы айтулы күнді атап өту бойынша бірқатар ұсыныстар енгізіп, соның негізінде Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік рәміздердің мерейтойлық шараларын жоғары деңгейде өткізу міндеттері тұр. Барлық тапсырмалар – Президент әкімшілігінің бақылауында. Осы ретте айта кетейік, биыл мемлекеттік нышандардың 30 жылдығына арналған бірыңғай логотип пен арнайы видеороликтер дайындалып өңірлерге таратылған. Мақсат – мемлекеттік рәміздердің құндылығын халық арасында кеңінен насихаттау.

Сондай-ақ, мәдениет үйлерінде, кітапханаларда ай сайын тақырыптық бағытта іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Атап айтқанда, жастар арасында патриоттық сезімді нығайту мақсатында барлық кітапханаларда “Менің рәміздерім – менің мақтанышым” атты кешенді кітап көрмелері өтуде.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі
– Бүгінгі күні ең маңызды деген іс-шараларды атап өтсем. Ағымдағы жылдың 2 маусымында мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай республикалық ғылими-практикалық конференциясы өтті. Маусымның 4-і күні Нұр-Сұлтан қаласындағы “Атамекен” этномемориалдық саябағындағы ең биік тұғырда Мемлекет басшысының қатысуымен көк туымыз көтеріледі. Сондай-ақ, 4-і күні бүкіл республика бойынша әнұранды орындау бойынша флешмоб өтеді. Тағы дәл сол күні републикалық патриоттар форумы өтеді. Автошеру де болады.

Бұл іс-шаралар республика көлемінде өтеді. Аққайыңдар өлкесінде де мемлекеттік рәміздер күніне орай бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылмақ. Бұл жайында Мәдениет және спорт вице-министріне СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов баяндады.

 Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай біздің облыста үлкен іс-шаралар өтпек. Бүгін Оқушылар сарайымызда үлкен республикалық коференция өтеді. Бұл конференцияны біз мемлекеттік елтаңба авторы Шот-Аман Ыдырысұлының 90 жылдығына орайластырылған. Осы жиынға Алматыдан, Нұр-Сұлтан қалаларынан сәулетші ғалымдар қатысады. Конференция барысында Шот-Аман Ыдырысұлының шығармашылығына арналған 7 томдық кітаптың тұсауы кесіледі.

Сондай-ақ, облыста рәміздердің құрметіне автошеру ұйымдастырылады.
Тағы, этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен облыс орталығындағы қоғамдық орындарында “ҚР Мемлекеттік рәміздері” тақырыбында сауалнама өткізіледі.

Дана Ешкенова