Денсаулық сақтау

Медицина қызметкерлерінің мәртебесі

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ – тілші
– Қазір Қазақстанда “Педагог мәртебесі туралы” заң бар. Өзімізге белгілі ол өткен жылы қолданысқа енгізілді. Алдағы уақытта елімізде тағы бір заң пайда болуы мүмкін. Бүгінде су жаңа нормативтік-құқықтық актілер бас ауырып, балтыр сыздағанда жүгінетін дәрігерлерге қатысты болады деп жоспарланып отыр.

АЖАР ҒИНИЯТ, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
– Медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру қамтамасыз етілді. Келесі жылы да жалғастырылатын болады. Медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау және олардың мәртебесін арттыру бойынша заң жобасы қазір Парламентке ұсынылуға дайындалып жатыр.

Еліміздің денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният сәуірде солтүстікке сапар жасады. Сонда Жастар сарайына жұртшылықты жиып, осылай деді. Алайда, әлі жаңалық жоқ. “Ақ халатты абзал жандардың мәртебесін арттыру – саланы дамытудың бірден-бір жолы. Егер өзгеріс орын алса, біздің жұмысқа қызығушылық танытатын жастардың да саны артар еді”,- дейді облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығы директорының орынбасары Владимир Жужгов.

ВЛАДИМИР ЖУЖГОВ, облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығы директорының орынбасары:
– Медициналық оқу орындарын тәмамдаған жастардың барлығы бірдей өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді. Мысалы, түлектердің біреуі косметология саласына ауысады, екіншісі сән индустриясын таңдайды. Егер арнайы мәртебе берілсе, жұмысымызға қызығушылық танытатын қыз-жігіттердің саны артады деп ойлаймын. Түптеп келсек, бұл кадр тапшылығы мәселесін шешуге ықпал етеді.

Бүгінгі таңда облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығында 17 бригада жұмыс істейді. Мұндағы диспетчерлер тәулігіне өңіріміздің түкпір-түкпірінен 500-ге тарта қоңырау қабылдайды. Тұрғындардың бірі дәрігерлерді шақыртса, екіншісі кеңес алу үшін хабарласады.

Бұл шақыртуға Әсет Қасенов барады. Еңбек өтілі 1 жылды құрайтын жас маман – Арқалық медициналық колледжінің түлегі. Жолға шықпас бұрын қажетті дүниелердің бар-жоғын тексеріп алған жөн. Фельдшер сөмкесін мұқият қарап шықты. Бәрі орнында. Енді қоңырау шалынған мекенжайға жетіп, науқасқа көмек қолын созу қажет.

Жұмыс барысында Әсет түрлі жағдайға тап болыпты. Жолда өзін-өзі химиялық сұйықтықпен күйдірмекші болған ер адамды еске алды. Оқиға орнына жеткенде әлгі тұрғынның денесінің 60 пайызын күйік шалған. Жас маман абдырап қалмаған. Науқасқа көмек беріп, аман алып қалыпты. Медицина қызметкерлеріне артылған жүк ауыр.

ӘСЕТ ҚАСЕНОВ, облыстық жедел медициналық көмек көрсету орталығының фельдшері:
–  Бұл мамандыққа жеңіл оймен бармау қажет. Бізде тек өзіміздің сөмкеміз, кардиометр бар. Ал ауруханаларда түрлі зерттеулер жүргізіледі. Сондықтан, біз өзімізге ғана сенеміз.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ – тілші
– Енді аз-кем заң жобасы жайлы айта кетейік. Алдағы уақытта елімізде әрбір медицина қызметкерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жоспарланып отыр. Ай сайынғы жарналар мемлекет есебінен аударылмақ. Егер дәрігердің қателігінен пациенттің денсаулығына зиян келсе, сақтандыру компаниясы төлем жасауға міндетті болады. Мамандарға салынатын айыппұл көлемі мен бас бостандығын шектеу мерзімі де қысқаруы ықтимал. Тағы “Еңбегі сіңірген дәрігер” атағы пайда болуы мүмкін.

Байболат Култанов