ТЖ

Есіл ауданында ер адам суға батып кетті

Есіл ауданында 52 жастағы ер адам суға батып кетті. Оқиға бір апта бұрын Покровка ауылында болды. Құтқарушылар марқұмның денесін 7 күні бойы іздеген.

Марат Мұратов, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:  

– Мамырдың 25-і күні бізге Покровка ауылында ер адамның жоғалып кеткені жайлы хабар келіп түсті. Құтқарушылар бірден Есіл өзенінде жедел-іздестіру шарасын жүргізді. Ер адамның денесі 7 күннен кейін табылды. Әзірге, марқұмның суға қалай кеткені белгісіз. Оқиғаның себебі нақтыланып жатыр.

Бұл – биылдыққа өңірдегі су айдындарында тіркелген бірінші оқиға.

Дана Сәлімқызы – тілші
Жаз келіп, суға шомылу маусымы бастау алды. Осы кезде табиғат аясында дем алып, өзен-көлдерге түсуге келетіндердің қатары артады. Алайда, барлығы бірдей су айдындарындағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін елей бермейді.

Соңғы 9 жылдың ішінде облыста 200-ден астам адам су құрбаны болды. Оның 33-і – бала.

Дана Сәлімқызы – тілші
– Рұқсат етілмеген жерде шомылу, қауіпсіздік ережелерін сақтамау және мас күйде суға шомылу. Дәл осындай себептермен өткен жылы 22 жерлесіміз ажал құшқан. Қайғылы оқиғалардың барлығы суға түсуге рұқсат етілмеген орындарда тіркелген.

Мамандардың сөзінше тұрғындардың көбі ішімдікке сылқия тойып алып суға шомылады. Жағажайлардағы мұндай жағдайларды Борис Самусев те жиі байқапты. Зейнеткер салауатты өмір салтын ұстанады. Таңертең ерте Пестрое көлінде суға түскенді ұнатады.

Борис Самусев, қала тұрғыны
– Мен өзен-көлдерге жиі келіп тұрамын. Осында отбасыларымен шомылуға келетіндер баршылық. Соларға айтарым, балаларыңды ертіп әкелдіңдер ме қарайлап жүріңдер. Ата-аналардың салғырттығынан қаншама бала суға батып кетті. Сондай-ақ, су жағасында ішімдік ішпеу керек және сағаттап суға түспеу керек.

Бүгінде жағажайларда қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында құтқарушылар рейдтік іс-шараларды күшейткен. Мамандар тұрғындарға жадынама қағаздарын таратып, қарапайым сақтық ережелерін түсіндіріп жүр. Еске сала кетейік, облыс аумағында шомылуға рұқсат етілген 58 су айдыны бар.

Дана Ешкенова