МТРА жаңалықтары

Бескөлде ерекше заман игілігі пайда болды

Бескөлде ерекше заман игілігі пайда болды. Қызылжар ауданының орталығында суды күн сәулесі арқылы жылытатын қондырғы жұмыс істеп тұр. Құрылғыны “Десента” қоғамдық қорының мамандары Әйелдерді қолдау орталығының аумағына орнатқан.

СЕРГЕЙ ГУЛЯЕВ, “Десента” ҚҚ директоры, Павлодар қаласы:
– Қалаларды дамыту, урбанистика және жасыл технологиялар мен қайта қалыпқа келетін энергия мен оны жаңғырту. Біздің қорымыз осы бағытта жұмыс істейді. Өткен жылы АҚШ-тың грантын ұтып алдық. Энергия көздері бар екендігін және оның қалай жұмыс істейтіндігін көрсету бағытында конкурс жарияладық. Оған Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысының фермерлері мен түрлі серіктестіктері және әлеуметтік мекемелері қатысты. Осы облыста грантты әйелдерді қолдау орталығы жеңіп алды.

Отандық қондырғының жұмыс істеу процесіне тоқталайық. Көлемі 6 шаршы метр болатын панельге түскен күн сәулесі оның ішіндегі антифризді қыздырады. Кейін сұйықтық арнайы түтіктер арқылы үйдегі 200 литрлік бактың белгілі бір бөлігіне құйылып, судың температурасын 50-ден 100 градусқа дейін жеткізеді. Жалпы, бұл құрылғының құны 1,5 млн теңгені құрайды. Бескөлде бір ай бұрын орнатылған гелиоколлектордың мүмкіндігін 20 қыз-келіншек үй шаруасында пайдаланып жүр.

ТАТЬЯНА УСМАНОВА, “Әйелдерді қолдау орталығы” ҚБ заңгері:
– “Десента” фондына айтар алғысымыз шексіз. Қондырғыны тегін орнатып берді. Су жылыту үшін артық ақша жұмсамайыз. Бұл жобаның пайдасы молынан, осындай бастамалар зор қолдауға ие болуы тиіс.

Гелиоколлекторды мамандар Павлодар мен Қостанай қалаларында да орнатпақ. Заман игілігіне деген сұраныс осы қалаларда көп екен.

СЕРГЕЙ ГУЛЯЕВ, “Десента” ҚҚ директоры, Павлодар қаласы:
– Қондырғыны Қостанайда 2 жерге орнатамыз. Соның біреуі омартаға қойылады. Екіншісі экспедициямен айналысатын зерттеушілердың қолданысына беріледі. Оларға жылжымалы, яғни, кез келген жерге алып жүруге арналған станция керек. Бұл жандар үшін алдағы уақытта жел генераторы мен күн панелі құрастырылмақ.

Бүгінгі таңда елімізде бұндай құрылғыны құрастырумен 25 компания айналысады. Айта кетейік, аталған қондырғылар айтарлықтай күтімді қажет етпейді. Күнделікті қадағалаудың да қажеті жоқ. Бірақ, соған қарамастан заман игілігі 40 жылға жуық уақыт бойы энергия өндіре береді.

Алдияр Айтпаев