МТРА жаңалықтары

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған отырыс

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған отырыс өтті. Жиынға қилы кезеңнен хабардар алдыңғы буын өкілдері мен өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін еместігін ұғынған жастар қатысты.

Іс-шараның шымылдығын ел ағасы Болат Сағындықов ашты. Ол тарихтағы жаға ұстатарлық жағдайларды және қазіргі таңда назар аударуды қажет ететін мәселелерді жіпке тізді. Ақсақал атап өткен дүниелердің біразын Нұржан Амангелді біледі. Ұлттық ұлан академиясының бірінші курс курсанты қазақ даласындағы қасіретпен кітаптар арқылы танысыпты. Тілдесу барысында жалынды жігіт кейінгі толқын репрессиядан аса хабардар еместігін айтты. Бұл олқылықты міндетті түрде түзеу қажет деп санайды болашақ офицер.

НҰРЖАН АМАНГЕЛДІ, ҚР ҰҰ академиясының курсанты:
– Бағдарламалар, кітаптар болуы қажет. Мұндай қайғы-қасірет енді басымызға келмесін.

Жиында мінберден сөз алғандар да болды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Ирина Горбацевич Петропавлда жазасын өтеген Сергей Потехин жайлы айтып берді. Ресейдің Воронеж облысында туған ақын билікке ұнамсыз жырлары үшін жазаға тартылыпты.

ИРИНА ГОРБАЦЕВИЧ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері:
–  Ату жазасына тартылған бұл кісіні көпшілік біле қоймайды. Қазір біздің музейде ақынның бірнеше өлеңі ғана сақтаулы тұр. Оны Петропавлға жіберілген талант иесінен сол кездегі мұражайдың директоры жазып алыпты. Тарих зерттеуді қажет етеді. Өткенге үңілсек ғана біз білмейтін талай сыр ашылары айдан анық.

Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған саяси қуғын-сүргін құрбандары бір сәтке ғана еске алуды емес, үнемі есте сақтауды қажет етеді. Аяусыз атылғандар мен жазықсыз жапа шеккендерді ақтау, ұмытпау – біздің міндет. Бұған қатысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай деді:

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз. Болашақтың берік негізі Тәуелсіздіктен бастау алады. Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз.

Байболат Култанов