Спорт

Петропавлда грек-рим күресінен республикалық турнир өтіп жатыр

Петропавлда грек-рим күресінен республикалық жарыс өтіп жатыр. КСРО-ның спорт шебері Василий Левчукті еске алуға арналған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 16 команда жиылды.

Ашылу салтанатынан кейін кілемге 52 келі салмақ дәрежесіндегі палуандар шықты. Қазір ортада семейлік жас пен қарағандылық өзара финалға жолдаманы сарапқа салуда. Саңлақтар бір-біріне дес бермей тіресуде.

Жан алысып, жан беріскен бұл кездесуде семейлік Диас Кертайдың мысы басым болды. Жасөспірім жарыстың ақтық кезеңіне жолдама алды.

Диас Кертай – жарысқа қатысушы, Семей қаласы
– Жарыс жақсы болды, қарсыластырымды жақсы ұттым. Өзім 4 схватка жасадым, финалға шықтым. Финалда 5-ші схватка болады. Осы жарыс 2-ші сыныптан бастап грек-рим күресіне келдім.

Өңір намысын Мақсат Нұрланов абыроймен қорғауда. Әзірге, бұл жарыста жеңілістің кермек дәмін татпаған жерлесіміз қарсылас шақ келтірмеуде.

Мақсат Нұрланов – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы
– Мен осы жарысқа көп дайындалдым. Менің жеңген әдіс-тәсілім 2 ұпайлық болды. Қол байлау әдісімен оны жықтым.  1 ай дайындалып жаттығу жасадым. Спорт түрімен 10 жыл айналысып келемін.

Василий Левчукті еске алуға арналған республикалық турнир өңірімізде осыменен 5-ші рет өтуде. Биылғы жылы бұл жарысқа грек-рим күресімен шұғылданып жүрген 168 палуан қатысып отыр.

Алек Левчук – Василий Левчуктің ұлы
– Осы турнирге спортышлар пандемияға дейін, тіпті, Украина, Ресей, Қырғызстан мен Тәжістан елдерінен келіп қатысатын. Ал соңғы 2 жыл бойы қазақстандық палуандар ғана бас қосып жүр. Соның өзінде қатысушылардың қатары артып келеді.

Василий Левчукті еске алуға арналған турнирдің соңында жүлдегерлер грамота және медальмен марапатталады.

Самал Жунусова