МТРА жаңалықтары

Петропавлда балалар мерекесі аталып өтілді

 Дана Сәлімқызы
– Халықаралық балаларды қорғау күні – мейірімге толы мейрам. Жаздың алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекені әр бүлдіршін ерекше асыға күтеді. Сондықтан, бүгінгі күннің салқындығына қарамастан орталық алаңға мейрамды тойлау үшін ұл-қыздар көптеп жиналды.

Бұл күні орталық алаңда “Балалық шақ әлемі” деген атаумен концерт ұйымдастырылды.

Бірнеше күн қатарынан репетиция жүргізіп, сахнада бүгін өнер көрсетіп жатқан ұжымдардың бірі – «Юниор» би тобы. Яна Костюченконың бұл топта билеп жүргеніне – 9 жыл. 12 жастағы жеткіншек Халықаралық балаларды қорғау күнін жыл сайын осылай көппен бірге қарсы аламын дейді.

 Яна Костюченко, «Юниор» би тобының бишісі
– “Жас буын” деген би қойдық. Оны өзіміздің қатарластарымызға арнадық.
Бұл би ырғақты. Ұл-қыздарға ұнады деген сенімдемін. Достарымды, сыныптастарымды бүгінгі мерекемен құттықтаймын.

Барлығы шат-шадыман. Балғындардың жүздерінен тек күлкі мен қуанышты байқауға болады.

Блиц:
– Мен бұл мерекені жылда асыға күтемін. Бүгін достарыммен тәтті мақта мен балмұздақ жеп, концерт тамашалаудамыз.
– Менің көңіл күйім керемет. Бүгінгі мерекелік іс-шараға достарыммен келдім. Концерт қызықты өтіп жатыр.

Қарындаш, қылқалам, бояу және парақ. Мына жақта ұл-қыздар қиялдарына ерік беріп сурет салып жатыр. Араларында Сәбина Жоғапарова да бар. 14 жастағы жасөспірім
қағаз бетіне теңіздегі қайықты бейнелеуде.

Сәбина Жоғапарова
– Сурет салу – менің хоббиім. Бос уақытым болған кезде мен үйде сурет саламын. Көбіне портрет пен пейзаж салғанды ұнатамын.

Басты алаңда да Халықаралық балаларды қорғау күні сән-салтанатпен аталып өтілді. Мұнда “Балғын балалар – біздің болашағымыз” атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Жергілікті шығармашылық топтар жиылған қауымға өз өнерін паш етті. Сахналық қойылымдар қойылып, қызықты ойындар ойнатылды. Зияткерлік сайыс та өтті. Мына жерде ұл-қыздар шахматтан бақ сынады.

 Мәдина Жиенмұрзина
– Негізі, мен ата-анаммен концерт тамашалауға келген едім. Зияткерлік ойындардан сайыс өтіп жатқан соң бағымды сынап көруді шештім. Ойынды жаңа ғана бастадық. Қарсыласым осал емес.

Зияткерлік ойын қатысушыларына арнайы сыйлықтар қарастырылған.

Дана Ешкенова