МТРА жаңалықтары

Пән олимпиадасының жүлдегерлері марапатталды

Белсенді жастар қошеметке бөленді. Бүгін облыс орталығында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық олимпиаданың жүлдегерлері марапатталды. Білім додасына өңірден қатысқан 96 оқушының 24-і жүзден жүйрік атанып отыр. Солардың бірі – Махаббат Еслям. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының түлегі Қазақстан тарихы пәнінен сынға түсіп, 3-ші орынды еншілепті.

Махаббат Еслямға білім және ғылым министрінің қолы қойылған диплом мен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан 50 мың теңгелік сертификат табыс етілді. Жалпы, Махаббат өзінің болашақ мамандығын тіл саласымен байланыстырмақшы екен. Сол үшін қазір алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуге қызу дайындалып жатырмын дейді.

Махаббат Есләм, республикалық пән олимпиаданың жүлдегері:
– Ағылшын мен түрік тілін меңгергім келеді. Осылайша еліміздің басқа мемлекеттер арасындағы ынтымақтастығын нығайтуына өз үлесімді қосқым келеді.

Жиын барысында оқушылар аймақ басшысының орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ғани Нығыметовке өз сұрақтарын қойып, сұхбаттасты. Білікті маман жас буынға өзінің білім игерудегі жетістіктерін айтып, ақыл-кеңесімен бөлісті.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Жастар – біздің болашағымыз. Алдағы уақытта министрлер мен ғалымдардың орнын сендер алмастырасыңдар. Білімді болуларың қажет. Сонда ғана біз дами береміз. Жастардың сапалы білім алуы үшін мемлекет тарапынан көп жұмыс атқарылып жатыр. 2022 жылды Балалар жылы деп жарияладық. Соның аясында ауқымды іс-шаралар өткізіледі.

Жалпы, бүгінгі іс-шарада 24 ұл-қыз марапатталды. Оқушылардың 1-уі алтын, 4-уі күміс, қалғандары қола медальға ие болды. Оларға білім және ғылым министрінің атынан диплом табысталды. Сондай-ақ, облыс әкімінің атынан 100, 75 және 50 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақылар үлестірілді.

Бердимурат Баймухан