МТРА жаңалықтары

31 мамыр – Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні

Бердімұрат Баймұқан, тілші:
–  Темекіні кәмпитке ауыстыр. Бүгін Dostyq Mall сауда-ойын-сауық орталығында осындай атаумен іс-шара өтіп жатыр. Мұнда облыстық полиция департаментінің өкілдері психикалық денсаулық орталығының қызметкерлерімен бірлесе келушілерді темекіні тастауға шақыруда. Шарт қарапайым. Ұйымдастырушылар өздеріне петропавлдықтардың темекілерін алып, орнына түрлі тәтті-тәпсек ұсынуда.

Қала тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын насихаттайтын шараға қатысқандардың қатары көп болды. Үстелдің қасына таяп, қалталарындағы темекілерін шығарып тастап жатқан адамдарды көріп көз қуанады. Акциядан кейін зиянды затты пайдаланудан бас тартуға бел буған жандар да болды.

Нұрдәулет Ашимхонов, қала тұрғыны:

– Бала кезімде ойнап жүріп от бастым. Енді темекіні тастай алмай жүрмін. Бүгінгі акциядан кейін салауатты өмір салтын сақтауға көшемін. Темекі денсаулыққа өте зиян.

Іс-шара нашақорлықтың алдын алу айлығының аясында өткізіліп жатыр. Бұл темекіні тастағысы келетіндер үшін өзіндік бір мотивация дейді психологтар. Осылайша мамандар тұрғындарға зиянды затқа жұмсаған қаржыға пайдалы дүниелер сатып алуға болатынын түсіндіріп жатыр екен.

Ирина Якимова, психолог:

– 31 мамыр – Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні. Осы датаға орай полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп акция ұйымдастырдық. Қазіргі күні жастардың көбісі “вейп” деп аталатын темекі түрін пайдаланады. Ол адамның денсаулығына, әсіресе, миына өте көп зиян тигізеді. Біз темекіні кәмпитке алмастыру арқылы жерлестерімізді салауатты өмірге қадам басқызып жатырмыз.

Дүниежүзілік темекіден бас тарту күні және нашақорлықтың алдын алу айлығының аясында өткізілген акция 20-дан аса тұрғынды қамтыды.

Бердимурат Баймухан