Денсаулық сақтау

Петропавлға Алматыдан тәжірибелі балалар офтальмологы келді

Петропавлға Алматыдан тәжірибелі балалар офтальмологы София Тасбергенова келді.

Білікті маманды облыс орталығына жергілікті офтальмологиялық орталықтың бас директоры Олеся Леонтьева шақыртқан. Айтуынша, өңірде жеткіншектердің көз ауруын емдеу мәселесі өзекті тұр. Соңғы 5 жылда мыңнан астам баланың көз ауруы асқынып кеткен.

Олеся Леонтьева, офтальмологиялық орталықтың бас директоры:
– Солтүстікқазақстандық балалар көзге қатысты медициналық көмекті уақытылы ала алмай отыр. Салдарынан олардың ата-аналары балаларын амалсыздан еліміздің басқа қалаларына, тіпті, Ресейге емдетуге апаруға мәжбүр. Осыған байланысты Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматыдан жоғары санатты дәрігер София Тасбергенованы шақыруды жөн көрдік.

Білікті маман Петропавлға мамырдың 25-сінде келген. 5 күннің ішінде дәрігер 100-ден астам баланы қарап үлгеріпті. Нәтиже көңіл көншітпейді дейді.

София Тасбергенова, балалар офтальмологы
– Ескерілмеген жағдайлар өте көп. Менің қабылдауыма аурулары асқынған ұл-қыздар да келді. Тіпті, балаларының диагнозын жылдап білмеген ата-аналар да болды. Тексеріс барысында мен бір баланың глаукомаға шалдыққанын анықтадым. Бұл көз ауруының салдарынан жеткіншек өмір бойына зағип болып қалуы мүмкін. Сондықтан, СҚО-да балалардың бойындағы патологияны анықтау үшін міндетті түрде скринингтер жасалуы тиіс.

Білікті маманға жүгінгендердің бірі – Айнар Қоспақаева. Оның ұлына жергілікті дәрігерлер 3 жыл бойы диагноз қоя алмапты.

Айнар Қоспақаева
– Менің баламның көзі 2 жасынан ауырады. 3 жыл бойы дәрігерлер диагноз қоя алмады. Ал бұл кісі жарты сағаттың ішінде баламның немен ауыратынын анықтап берді.

Сөз соңында айта кетейік, София Тасбергенова көз ауруына шалдыққан ұл-қыздарды маусымның 5-іне дейін қарайды. Жоғары санатты дәрігердің қабылдауы тегін.

Дана Ешкенова