Денсаулық сақтау

Аңсаған сәби

Былтыр Қазақстанда экстракорпоралдық ұрықтандыруға бөлінетін квоталар саны 7 мыңға дейін өсті. Оң өзгеріс «Аңсаған сәби» бағдарламасының іске қосылуы аясында орын алды. Аталған бағдарлама бойынша солтүстік өңірге 200-ден аса квота бөлінген екен. Оның бірін 35 жастағы Евгения Катина есімді жерлесіміз пайдаланды. ЭКО-ның 2-ші кезеңінен кейін петропавлдық нәзікжанды осыдан 3 күн бұрын шекесі торсықтай ұлды дүниеге әкелді.

ЕВГЕНИЯ КАТИНА, қала тұрғыны:
– Мен 15 жылдан бері құрсақ көтере алмадым. Кейін күйеуім екеуіміз ақылдаса келе мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгінуді жөн көрдік. Шарапаты мол бастаманың арқасында жақында нәрестелі болдым. Баламның салмағы шамамен 3 келіні құрайды.

ЭКО процедурасына жүгінген нәзікжандылар ең алдымен жіті медициналық тексерістен өтіп, түрлі анализ тапсырады. Содан кейін ғана жасанды ұрықтандыру процедурасы жүргізіледі. Оған 2-3 ай уақыт кетеді.

ВИКТОР ПРОЦЕНКО, дәрігер-репродуктолог:
– Әйел адам бізге жүгінген кезде ең бастапқыда бедеулік факторын анықтаймыз. Яғни жатыр түтіктерінің өткізгіштігін тексереміз. Сондай-ақ, міндетті гормоналды тексеру жүргіземіз, кариотип аламыз. Бұл – әйелдегі болуы мүмкін хромосомалық патологияны көрсететін хромосомалар жиынтығы. Негізі, жасанды ұрықтандыру көмегіне 30 бен 35 жас аралығындағы әйелдер жүгінеді.

Былтыр солтүстікқазақстандықтар «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бөлінген 217 квотаның 90 пайыздан астамын пайдаланған. Айта кеткен жөн, жерлестерміз мемлекеттік бағдарламаның көмегін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін ала алады.

ЛАРИСА ГОРДЕЕВА, “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:
– Емханаға жүгінгеннен кейін дәрігерлер сізге медициналық сақтандыру аясында тегін өтетін қажетті анализдердің тізімін береді. Тиісті сараптама жасатқаннан кейін перинаталдық орталыққа барасыз. Жан-жақты тексерістен өтіп, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан рұқсат алған соң мемлекеттік квота бөлінеді. Біздің пациенттеріміз бұл қызметті медициналық сақтандыру қорымен шартқа отырған республикадағы кез келген орталықтан ала алады.

Биыл да облысқа «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 210 квота бөлініп отыр. 90-нан аса нәзікжанды мемлекеттік бағдарламаның көмегіне жүгініпті және жыл басынан бері өңірде жасанды ұрықтандыру бойынша 40 сәби дүние есігін ашқан.

Бердимурат Баймухан