МТРА жаңалықтары

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Кез келген адамды күрсіндірер датаға орай Петропавлдағы бір кездері арыстай азаматтар атылған аумақта жиын өтті. Іс-шара барысында қалыптасқан дәстүрге сай солақай саясаттың нысанасына іліккен жандарға арнап орнатылған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Біреудің асқар тау әкесі, екіншісінің аяулы анасы, ал үшіншісінің бауыр еті баласы. Советтің салқыны ешкімді аямады. Құрбан болған жандар мәңгілік есте.

Осы орайда аз-кем статистиканы ұсынайық. “Үлкен террордың” салдарынан Қазақстанда бақандай 100 мыңға жуық адам қуғын-сүргінге ұшырапты. Соның 20 мыңнан астамы атылған екен. Арасында өңіріміздің Құрметті азаматы Болат Сағындықовтың әкесі де бар. Небәрі 1 жарым жасында асқар тауынан айырылған ақсақал көпшілікке толғана ізгі тілегін жеткізді.

БОЛАТ САҒЫНДЫҚОВ – СҚО Құрметті азаматы
– Алла Тағала мұндай қайғы-қасіретті қазақ халқына бере көрмесін! Әрқашан да ұмытпайық! Осы күнді әрқашан да еске алайық! Аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын!

Еске алу шарасына әжептәуір адам жиналды. Гүлжахан Жамболова жақындарымен Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келіпті. 75 жастағы кейуана құрбандардың есімдері жазылған тақтаға зер сала жүріп қайын атасы мен қайын енесінің аты-жөнін тауып алды. Еріксіз көзіне жас келді. Мамлют ауданының тумасы Әбушаһман Жамболов Петропавлда қалалық комитеттің 2-ші хатшысы болып жүрген кезінде қуғынға ұшырап, 38 жасында атылған екен. Марқұмның жатқан жері әлі белгісіз.

ГҮЛЖАХАН ЖАМБОЛОВА
– Әйелі Жамболова Рәбиға тұтқындалады. 7 жасар ұлы мен 2 жасар қызы жетімдер үйіне жіберіледі. Бұл кісі Крупскаяға хат жазады. Хат келгенше “АЛЖИР”-де болады. Сосын Крупская көмектесіп, “вольное поселение”-ге жібереді. Шыққасын қызын табады, ал ұлын таба алмайды.

Алайда, араға бірнеше жыл салып ана баласын да тапқан екен. Жазықсыз жазаланған жандардың әрқайсысын ел жадында жаңғырту – кейінгі ұрпақтың перзенттік борышы. Тарихи әділдікті қалыпқа келтіру жөнінде Президент тапсырма берді. Бүгінде арнайы мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Біраз шаруаның басы қайрылыпты. Біздің өңірдің өзінде архив негіздері бойынша 11 мың адамның есімі анықталған.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ – СҚО әкімінің орынбасары
– Оның ішінде біздің имамдарымыз, жазушыларымыз, байларымыз, билеріміз бар. Солардың бәрінің тізімін жасап жатырмыз. Материалдар табылуда. Әсіресе, құпия архивтерден тауып жатырмыз. Күрделі жұмыстың басталғанына 2 жыл болды. Тағы 1 жыл керек шығар. Осыдан кейін Президенттің жарлығы бойынша бұл кісілердің барлығы ақталады.

Жергілікті архив саласы өкілдері ұсынған дерекке сүйенсек, өңірімізде бүгінгі күнге дейін 8 мыңнан астам адам ақталыпты. Оның 2351 атылған екен. Ал жазықсыз жапа шеккендердің жалпы көрсеткіші 20 мыңнан асып жығылады. Бірақ, бұл әлі нақты дерек емес. Тағдырдың тауқыметін тартқан жандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін дейді мамандар. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасы соңында аруақтардың рухына құран бағышталды.

Байболат Култанов