МТРА жаңалықтары

Ұлттық бірыңғай тестілеу

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ – тілші
– Өңірімізде ҰБТ қаңтар айында басталды. Жылдың басында мектеп түлектері ақылы негізде өздерінің білімдерін сынады. Ал 16-шы мамырдан бастап жастар грант үшін емтиханға қатысып жатыр. Биылғы жылдың өзіндік бір ерекшелігі бар. Үстіміздегі жылы аудандардағы ұл-қыздар жергілікті орталықтарда емес, Петропавлға немесе Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимское селосына барып, тестілеуден өтулері тиіс.

Қазір биылғы мектеп тәмамдаушылармен қатар, білім ұяларынан өткен жылдары түлеп ұшқан қыз-жігіттер, колледж түлектері және “Қандас” мәртебесіне ие азаматтар да ҰБТ тапсыруда. Бүгін солардың бір тобы бақтарын сынамақ. Талап бәріне ортақ. Негізгі ережені тестілеу әкімшісі түсіндірді.

Тыйым салынған заттардың барлығы сыртта қалуы тиіс. Аудиторияға кірердің алдында 14 азамат металл іздегіш құрылғы арқылы жіті тексерілді. Биылғы ҰБТ-ның тағы бір ерекшелігі – “1 компьютер-2 камера-1 тестіленуші” қағидасы бойынша өтуі. Яғни, енді жастардың іс-әрекеті 2 бірдей құрылғы арқылы бақыланып отырады. Жазба сақталады. Ол емтиханнан соң тағы бір қаралмақ.

ЖАМБЫЛ ІЗТҰЯҚ – Ұлттық тестілеу орталығының тестілеу әкімшісі, Жамбыл облысы
– Егер колледж түлектері өз мамандығын жалғастыратын болса, онда мамандығына қарай не 2 пәннен, не 1 пәннен емтихан тапсырады. Ал басқа мамандықты 1-ші курстан меңгеремін десе, онда 5 пәннен тапсырады.

Демек, өткен жылдары мектеп тәмамдағандар мен “Қандас” мәртебесіне ие азаматтар да 5 пәннен білімдерін сынайды. Дәлізде «Әділдік Жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің жергілікті өкілдері де жүр. Олар ҰБТ-ның әділ өтуін қадағаламақ.

АЛМАТ ИСМАҒҰЛОВ – «Әділдік Жолы» РҚБ филиал жетекшісі
– Бұған дейін өзімен бірге телефон алып кірмек болған жандарды анықтадық. Бір тест тапсырушының ісі баршамызды таңқалдырды. Ол емтихан кезінде қажетті деректі бетпердесіне жазып алыпты. Бұзушылық анықталды. Жастарға айтарымыз, өздеріңіздің білімдеріңізге сеніңіздер!

Ертең гранттан үмітті биылғы мектеп түлектері өз білімдерін тексеріп көрмек. Петропавл қаласында сынақтан 3 мың 900-ге жуық жас өтеді деп жоспарланып отыр. Ескерер жайт, жастар электронды тестілеуге 2 рет қатыса алады. Емтихан жаздың ортасына дейін жалғасады.

Байболат Култанов