МТРА жаңалықтары

«Солтүстік Қазақстан және Алаш» кітабының таспасы қиылды

«Солтүстік Қазақстан және Алаш». Облыс орталығында осындай атаумен жаңа кітаптың таспасы қиылды. Сиясы кеппеген туындыны жарыққа шығару үшін 30-дан астам қазақстандық және шетелдік зерттеуші ғалым тер төккен.

Еңбекте Алашорда үкіметі туралы бірегей мәліметтер берілген. Деректерді жазушылар облыстық мұрағаттардан және ІІМ мен ҰҚК-нен жинастырған. Кітапта Мағжан Жұмабаевтың саяси қайраткер болғандығы туралы да ақпар бар.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Мағжанды біз ақын, ағартушы ретінде көбірек айтамыз, зерттеулердің нәтижесінде біз оны саяси қайраткер ретінде танып отымыз. Бұндай қызықты мәліметті ҰҚК құжаттарынан алдық. Әлиханның Мағжанға жазған хаттарынан, содан кейін 1918 жылы Мағжан Көкшетауда екі партияны біріктіру жөнінде ұсыныс тастаған. Алаш әскерінің 52 мыңға жеткендігін де сол кезде айтқан.

Кітапта Петропавл уезі туралы жаңа деректер бар. Аумақтағы билік шын мәнінде алашордашылардың қолында болған екен. Қазіргі таңда бұл ғылыми тұрғыда дәлелденіп отыр.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Осы жерде управа төрағасының орынбасары болған Салмақбай Күсемісов армия құру мәселелерін, салық жинау мәселелерін қарастырған екен. Оны дерекпен дәлелдеп тұрмыз. Бұл жұмыстар жалғасын табады.

Құнды деректер жазылған кітап, әзірге, 300 данамен басылып шықты.

Алдияр Айтпаев