МТРА жаңалықтары

Петропавлда Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлері марапатталды

Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Сурдлимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесіп, спортшыларға ақшалай сертификаттар табыстады.

Мамырдың 1-і мен 15-і аралығында Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарына Солтүстік Қазақстан облысынан 3 спортшы қатысты. Соның бірі – Фархад Қыстаубаев. 28 жастағы жігіт жарыста жеңіл атлетикадан бақ сынады. Спортшы байрақты доданың 12-ші күнінде алтын медальға ие болды.

 ФАРХАД ҚЫСТАУБАЕВ, Сурдлимпиада ойындарының жеңімпазы
– Мен Сурдлимпиада ойындарында екі медаль жеңіп алдым. Мамырдың 9-ы күні 110 метрге кедергілермен жүгіруде мәреге 3-ші болып келдім. Онда маған қола медаль бұйырды. Ал мамырдың 12-сі күні жеңіл атлетикадан көпсайыс өтті. Бұл ең қиын кезең болды. Себебі, көпсайыста әр түрлі қашықтыққа жүгіру, ұзындық пен биіктікке секіру секілді 10 тапсырманы орындау қажет. Мен бұл кезеңде жеңіске жетемін деп армандаған да жоқпын. Дегенмен, көпсайыста 5400 ұпай жинап, жеңіс тұғырының жоғары сатысынан көріндім.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов ел намысын қорғап, Бразилия төрінде көк туымызды желбіреткен спортшыларға алғысын білдірді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біз бүгін көк туымызды Бразилия елінде жоғары көтерген спортшыларды құттықтауға, марапаттауға жиналып отырмыз. Міне, Фархад Қыстаубаев Сурдлимпиада ойындарында жеңімпаз атанды. Владимир Беккер 4-ші орын алды. Рахат Қабулов – жас спортшы. Жігіттер, жарайсыңдар. Туымызды алдағы уақытта да жоғары ұстаңдар.

XХІV жазғы Сурдлимпиада ойындарының чемпионы атанған жерлесіміз Фархат Қыстаубаевқа аймақ басшысы Құрмет грамотасы мен 3 млн теңгенің ақшалай сертификатын табыс етті.

Сурдлимпиада ойындарында жақсы өнер көрсеткен үшін Владимир Беккер мен Рахат Қабуловқа 500 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді. Спортшылардың бапкерлері де ұмыт қалған жоқ. Оларға да құрмет көрсетілді.

АЛЕКСАНДР ЭКТОВ, жеңіл атлетикадан облыстың аға жаттықтырушысы:
– Сурдлимпиада ойындары 4 жылда 1 рет ұйымдастырылады. Биылғы байрақты додаға әлемнің 100 елінен 4 мыңға жуық адам қатысты. Олар спорттың 21 түрінен бақ сынады. Спортшылардың барлығы мықты дайындықпен келген. Бізге жеңіс оңайлықпен тиген жоқ. Солтүстікқазақстандықтар тарихта алғаш рет Сурдлимпиада ойындарында алтын алқа иеленді.

Үстел теннисі, жүзу, таэквандо, дзюдо, жеңіл атлетика, еркін күрес,
тағысын тағы. Жалпы, есту мүшесі зақымданған спортшылар арасындағы олимпиадада еліміздің намысын 65 саңлақ қорғады.

Дана Ешкенова