Спорт

Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында футзалдан спартакиада өтіп жатыр

Аяқдопшы ұл-қыздардың сайысы. Бүгін Петропавлда Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында футзалдан спартакиада бастау алды. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 16 команда доп тебуден бәсекелесуге келді.

Алғаш болып алаңға Орал мен Көкшетау қалаларынан келген спортшылар шықты. Қос команда – өз мектептерінің ішіндегі іріктеуден топ жарған құрамалар. Бүгінгі жарысқа қыздар тыңғылықты дайындалыпты. Олар 10-10 минуттан 2 тайм бойы өзара мықтыны анықтады. Оқушылар бір-бірінің қақпасына қарқынды шабуылдап, көп рет гол соғатын мүмкіндік туғызды. Алайда есеп 0 де 0-мен аяқталды.

Аружан Хуан, физика-математика бағытындағы НЗМ оқушысы, Орал қаласы:

– Осы ойында жеңіске жетуге аз уақыт қалды. Бірақ, бізге кішкене шапшаңдық жетіспеді. Келесі кездесуде ұтамыз деп ойлаймын.

Спартакиадаға 7-ші мен 8-ші сынып оқушылары қатысып жатыр. Ұл-қыздар футзал ойынының жеңілдетілген ережесі бойынша доп тебуде. Әр командада 8 адамнан бар.

Аида Ағаділ, Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директорының орынбасары:

– Бұған дейін 4 өңірде аймақтық ойындар өткен. Содан топ жарған оқушылар бүгін бір-бірімен бәсекелеседі.

Спартакиада 3 күнге жалғасады. Ойын соңында жеңімпаздар кубок, медаль және түрлі дәрежедегі мақтау қағаздарымен марапатталады.

Бердимурат Баймухан