МТРА жаңалықтары

Мәдениет және өнер қызметкерлері құрметке бөленді

Талайды тамсандырған теріскейліктер! Облыс орталығында мәдениет және өнер қызметкерлері құрметке бөленді. Жиналғандарды кәсіби мерекелерімен өңір жетекшісінің орынбасары Ғани Нығыметов құттықтап, дарынды жандардың қоғамдағы орнын тілге тиек етті.

ҒАНИ НЫҒЫМЕТОВ – СҚО әкімінің орынбасары
– Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі биік, рухы жоғары болады. Оған күмән жоқ шығар!? Сол себепті6 бүгін сіздерге айтылатын жылы лебіздер, берілетін марапаттар бәрі орынды.

Бұл күні марапат өз иесін тапты. Мерекеде көпке танымал педагог, талантты домбырашы, күйші Серікбай Құсайынов облыстың Құрметті азаматы атанды.

85 жастағы ақсақалдың еңбегі ерен. Ол ғұмырының 57 жылын өнер саласына арнапты. Осы уақыт ішінде қолдарына домбыра ұстаған талай жас Серікбай Құсайыновтан тәлім алып, өмірде өз орындарын тапқан. Атамызға ұлттық өнерді ауыл аралап жүріп ұлықтауға өзі бақ сынаған байқаулардың бірі себеп болыпты.

Серікбай Құсайынов – СҚО Құрметті азаматы
–  Мен 57-ші жылы жастар фестиваліне қатыстым. Сонда Атыраудан 120 адамдық, Ақтөбеден 70 адамдық, Оралдан 80 адамдық оркестрлер келді. Ал біздің облыстан ешкім болмады. Осыдан соң мен домбыраны насихаттап, жастарды тәрбиелеуге бел будым. Оқушыларыммен мақтанамын. Өте көп оқушым болды.

Облыстық қуыршақ театрының құрылғанына 30 жылға жақындап қалды. Кішкентай көрермендерді қуантудан жалықпайтын бұл өнер ұжымында Александр Пархоменко есімді жерлесіміз әжептәуір уақыт еңбек етеді. Жұмысының өзіндік қиындығы бар. Ол 1 қойылымда 3-4 кейіпкердің дауысын салады екен. Жай салып қана қоймайды, сахнада іс-қимылмен жүздері бал-бұл жайнаған балалардың көңілінен шығуға тырысады.

Александр Пархоменко – облыстық қуыршақ театрының актері
– Мен театрға 1999 жылы келдім. Оған дейін мектептегі ақындар клубына мүшелік еттім. Сол кезде өнерге деген, сахнаға деген қызығушылығым оянды. Көп ұзамай “кәсіби деңгейде жұмыс істесем ғой” деген де арман пайда болды. Арманым орындалды. Қазір өнер саласында еңбек етемін. Көрсетіліп жатқан бүгінгі құрметке зор алғысымды білдіремін.

Александр Пархоменкоға “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісі табысталды. Салтанатты шарада өңіріміздегі мәдениет және өнер саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген өзге де жерлестеріміз марапатталды. Қошеметке бөленгендердің арасында арнамыздың өкілі Әлия Икамбаева да болды. Жалпы, бұл кеште түрлі дәрежедегі 50-ден аса марапат өз иесін тапты.

Байболат Култанов