Спорт

Мәдениет саласы қызметкерлерінің арасында қазақ күресінен облыстық турнир өтті

Мәдениет саласының қызметкерлері күніне орай өңірде қазақ күресінен «ONER KOKJALY» атты облыстық турнир өтті. Сайысқа сайдың тасындай іріктелген 16 палуан қатысты. Белдесулер 80 және 120 келі салмақ аралығында өтті.

Жарысты ұйымдастырушылардың бірі – Мәдениет саласының үздігі Жарқын Жұпархан. Айтыскер ақын дүбірлі доданы ұйымдастырып қана қоймай, өзі де күш сынастырды.

Жарқын Жұпархан, айтыскер ақын
– Бұл жерге қатысып жатқандардың бәрі – тек қана сахнада жүрген адамдар, яғни ақындар, сонымен бірге, аудандағы Мәдениет үйінің ұйымдастырушылары. Бұған дейін қатысушылар арасында іріктеу жүргіздік.

Боз кілемге алғашқылардың бірі болып жергілікті тарихи-өлкетану музейінің маманы Самрат Құскелді мен облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Тимур Сейітжан шықты. Белдесу өте тартысты басталды. Екі палуан бір-біріне дес берер емес. Соңында Тимур Сейітжан жеңіске жетті.

Тимур Сейітжан, облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері
 – Бүгінгі сайыс өте керемет деңгейде өтіп жатыр. Ең бірінші боз кілемге шығу маған бұйырған екен. Бүгін менің жаттықтырушыларым мен достарымның қолдауының арқасында бірінші белдесу өте жақсы өтті. Таза жамбаспен жеңдім.

Жарыс қыза бастады. Жанкүйерлер тақымдарын қысып өз қолдауларын үдете түсті.

Сайыстың қорытындысы бойынша 1-орынды Айыртау ауданының айтыскер ақыны Дәулет Құрмаш иеленді. Ал екінші орынға Айыртау аудандық мәдениет үйінің әншісі Еркін Нұрбахтинов жайғасты. Үшінші орынды Ақжар аудандық мәдениет үйінің әншісі Нұрқасым Хасенов тұйықтады. Қос жүлдегерге 200 мың және 100 мың теңгеден табыс етілді. Ал басты жеңімпаз Дәулет Құрмашқа алтынмен апталып, күміспен қапталған белдік пен 300 мың теңге тарту етілді.