Денсаулық сақтау

Облыстық көпбейінді ауруханада қоғамдық қабылдау өтті

Облыстық көпбейінді ауруханада қоғамдық қабылдау өтті.

Мұндай жиын емдеу мекемесінде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Көпшілік осындай шараның өтетіні жайлы естімеген болар, ақхалаттыларға өз өтініш-тілегін білдіруге бір-ақ адам келген. Қала тұрғыны Еркеш Үсенов ауруханадағы ұзын-сонар кезекке наразы. Айтуынша, дәрігерге қаралу үшін кейде 1 ай күту қажет.

Еркеш Үсенов, қала тұрғыны:
– Өткен жылдың қаңтар айында басым қатты ауырып, құлағымда шу тұрды. Денсаулығымды тексерту үшін ауруханаға жүгіндім. Тиісті кабинеттердің барлығына жазылып, кезегім жеткенше 8 ай өте шықты. Алайда, дәрігерлер денсаулығымнан кінәрат таба алмады. Осылайша екінші мәрте тексерістен өтуге тура келді.

Биыл зейнеткер дәрігерлердің қарауында болайын деп өзі ауруханада 1 апта жатып шығуға ниет білдіріпті. Сөйтіп, оны 1-ші қалалық ауруханаға жатқызған. Емдеу мекемесінде ем-дом алған Еркеш Үсеновтың бас ауруы басылған жоқ, керісінше күшейген екен. Зейнеткер 3-ші мәрте тексерістен өтетін жағдайым жоқ дейді. Облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры Сәкен Әмрин қарияның мәселесі бойынша жауап қатты.

СӘКЕН ӘМРИН, облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры
– Жасыратыны жоқ, бізде дәрігерлер жетіспейді. Сондықтан, 3 күннің ішінде мамандар барлығын қабылдай алмай жатады. Салдарынан, ұзын-сонар кезек туындайды. Дегенмен, ақхалаттылар науқастардың барлығын қамтуға тырысады.

Өңірде 200-ден астам дәрігер жетіспейді. Қазіргі уақытта күллі облыста екі-ақ гастроэнтеролог бар. Кадр тапшылығын реттеу үшін жергілікті биілік өкілдері елдегі медициналық жоғары оқу орындарының басшыларымен келіссөз жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта өңірге бірқатар жас маман келіп қалуы мүмкін.

АСХАТ МОЛЖІГІТОВ, облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің бірінші орынбасары:
– Қазірдің өзінде жас мамандар біртіндеп келіп жатыр. Жуырда қатарымызға реаниматолог, акушер-гинеколог сияқты резиденттер қосылды. Олар оқуларын аяқтаған соң бізде қалады. Сондай-ақ, биыл ұжымымыз анестезиолог, акушер-гинеколог, гастроэнтеролог, кардиолог секілді дәрігерлермен толығады деп жоспарланып отыр.

Өңірге тұрақты жұмысқа келетін жас мамандарға тиісті әлеуметтік қолдау қарастырылған. Бұдан бөлек, жергілікті билік тарапынан әр маманға 500 мың теңге көлемінде көтермеақы беріледі. Алдағы уақытта облыстық ауруханада мұндай қоғамдық қабылдау жиі өткізіліп тұрмақ. Мамандар тұрғындардың бұйымтайын жүзбе-жүз тыңдау арқылы медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруды көздеп отыр.

Дана Ешкенова