МТРА жаңалықтары

“Қызылжар ақындар антологиясы” атты кітаптың тұсауы кесілді

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “Қызылжар ақындар антологиясы” атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Бұл құнды дүние өзіндік ерекшелікке ие. Мұнда солтүстікқазақстандық 28 шалқар шабыт иесінің 200-ден астам өлеңі енген. Шығармашыл жандардың еңбектерін бір туындыда тоғыстыру идеясы жергілікті айтыскер ақын Жарқын Жұпарханға тиесілі.

ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, Мәдениет саласының үздігі:
– Бұл кітапта біздің өңірде өлең жазып жүрген үлкен мен кішінің туындылары топтастырылды. Аққайыңдар өлкесіне келген қонақтар “Сіздердің өңірлеріңізде қандай ақын бар?” деген кезде осы кітапты ұялмай береміз. Бұл – ертеңгі тарихтың қоржынына олжа болып түсетін кітаптардың бірі. Бір ақыннан 10 өлең, енді бір ақыннан 1 өлең кіргіздік.

Жарқын Жұпарханның сөзінше, осы идеяны жүзеге асыру барысында аудандардағы үздік әр ақын ұмыт қалмаған. Бірақ, туындылардың әрқайсысы іріктеуден өтіпті.

 ЖАРҚЫН ЖҰПАРХАН, Мәдениет саласының үздігі:
– Бізде талап болды. Көптеген өлеңдер келіп түсті. Оларды іріктеуден өткіздік.

Жыр жинағына жергілікті жас ақын Санжар Сабырдың да туындылары еніпті. 23 жастағы жігіттің қалам тербеп жүргеніне 10 жыл болған екен. Осы аралықта 200-ге жуық өлең жазыпты. Ал “Қызылжар ақындар антологиясы” кітабында талантты жерлесіміздің 4 арнауы басылған.

САНЖАР САБЫР, ақын:
– Бұл жинақта анам жайлы, ауылым жайлы және махаббат жайлы жазылған өлеңдерім енгізілді. Бұл кітапта менің 4 туындымды кездестіруге болады. 

“Қызылжар ақындар антологиясы” атты кітап Алматы қаласында 300 данамен басылып шыққан. Алдағы уақытта туынды өңіріміздің барлық кітапханаларына таратылмақ.

Дана Ешкенова