МТРА жаңалықтары

СҚО-да интернет-алаяқтық өршіп тұр

Облыс орталығында жыл басынан бері 275 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді.

Алданып қалған солтүстікқазақстандықтардың жоғалтқан ақшасы 150 млн теңгеден асып жығылады. Аңғал азаматтарды абай болуға шақырып, алаяқтықтың алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары түсіндіру шараларына екпін беріп жатыр. Амал жоқ, өйткені интернет сайттарында торуылдап отырған қулардың әрекеті бәсеңдемесе, күшейіп барады. Полиция қызметкерлері қалада бір күнде 100-ден астам нысанда болып, түрлі сала қызметкерлерімен тілдесті. Оларға пысықайлардың жиі қолданатын әдістерін баяндап, қорғану шараларын түсіндірді.

Жандос Мұхатов, Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы:

– Осы үйде тұратын азаматтарды жинап “Интернет-алаяқтыққа жол жоқ!” деген акция туралы түсіндіріп, халықпен кездестік. Бұл іс-шараны өткізіп жатқан себеп, қазіргі уақытта өңірде интернет-алаяқтық өршіп тұр. Екінші деңгейлі банктермен, мекемелермен, кооперативтермен бірге жұмыс істеп, түсіндіріп жатырмыз.

Ұжымдық жиын өткізу, жадынама тарату, әлеуметтік желіге бейнеролик салу – қарқынды жүргізіліп жатқан алдын алу жұмыстарына қарамастан интернет-алаяқтықтың қарқыны әзірге басылар емес дейді тәртіп сақшылары. Өйткені, қулар әдіс-тәсілдерін жетілдіріп отырады.
Петропавлда жыл басынан бері болған интернет-алаяқтық жайттары жалпы тіркелген алаяқтық фактілерінің жартысынан астамын алып отыр.
Көп жағдайда қулар өздерін банк, құқық қорғау органының қызметкері, OLX, Колеса, өзге де сайттарда тауар іздеуші немесе сатушы болып таныстырады екен. Интернет-алаяқтардың барын, олардың әдіс-тәсілдерін біле тұра алданып қалып жатқандар аз емес.

Шолпан Бейісова, қала тұрғыны:

– Менің телефоныма жуырда “Нұр-Сұлтан қаласынан пәтер ұтып алдыңыз” деген жалған хабарлама келді. Мен телефонды қоя салдым. Мен жалған сөзге сенбеймін. Ол әр адамның өзіне байланысты.

Тәртіп сақшылары интернет-алаяқтардың тұзағына түспес үшін абай болу қажеттігін ескертеді.

Данаш Хамзина