МТРА жаңалықтары

Облыстық қан орталығында биыл 3,5 мың адам қан тапсырған

Облыстық қан орталығында жеткілікті көлемде қан қоры бар. Жыл басынан бері мұнда 3,5 мың адам қан тапсырған.
Бүгін де медициналық мекемеге келген жандардың қарасы қалың. Таңғы 10-ға дейін 10 азаматтан қан алынған.

Светлана Задворная, облыстық қан орталығы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

 – Әуелі донорлар тіркеуден өтіп, сауалнама толтырады. Содан кейін зертханада қан тобын анықтап, гемоглобинін тексереміз. Сосын оны терапевт қабылдайды. Анализдерін қарайды. Көрсеткіштердің барлығы ойдағыдай болған жағдайда ғана донорға қан тапсыруға рұқсат беріледі.

Қан орталығына келген адам тексерістен аш қарынға өтуі керек. Содан кейін асханада жүрек жалғап алып, қан тапсырады. Бір адамнан алынатын қанның мөлшері 450 мл-ді құрайды. Светлана Задворная бұл процестің адам ағзасы үшін аса пайдалы екенін атап өтті.

Светлана Задворная, облыстық қан орталығы меңгерушісінің міндетін атқарушы:

– Қан тапсыру донор үшін өте пайдалы. Бұл процесс адам ағзасын тазартып, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады. Сондай-ақ, қан тапсырған жан өзінің осы игі ісімен өзге адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Көп қан жоғалтқан науқастар үшін біздің мекемемізден күнде қан әкетіледі. Сол себепті, донор саны сиремесе де қатарының толығып отырғаны маңызды.

Донор тарту мақсатымен мамандар түрлі акция өткізуді қолға алған. Бір жылдың ішінде осындай 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылыпты.
Жалпы, облыстық қан орталығына өткен жылы 10 мыңға жуық адам келген. Жіті тексерістен кейін 8 мыңнан астамына ғана қан тапсыруға рұқсат беріліпті. Соның ішінде 80 пайызы – тұрақты донорлар.

Алдияр Айтпаев