Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі құрылыс алаңдарын аралады

Бүгін аймақ басшысы Петропавлда салынып жатқан әлеуметтік маңызы бар нысандарда болды. Алғаш болып өңір жетекшісі Жас өркен ықшам ауданындағы емхананың құрылыс жұмысымен танысты.
Мұндағы шаруаның қазір 30 пайызға жуығы тәмамдалыпты. Мамандар алға қойған межеден 3 айға қалыс қалып келеді. Себебі, жақын маңда орналасқан бірнеше жеке тұрғын үйді сүру жұмыстары кезінде құжаттарда олқылық табылған. Алайда, мәселе жуырда шешілген көрінеді.

Жас өркен – қаладағы жылдам дамып келе жатқан шағын аудандардың бірі. Көпқабатты үйлер көбейген сайын шағын ауданда да халықтың саны соңғы жылдары едәуір артты. Статистикаға сүйенсек қазірі күні мұнда 10 мыңға жуық адам тұрады екен. Сондықтан, жаңа медициналық мекеме ауадай қажет. Нысан биыл тапсырылуы тиіс.

Тимур Сұлтанғазиев, СҚО әкімінің орынбасары:
– Жас өркен ықшам ауданының тұрғындары 1-ші қалалық емханаға тіркелген. Қазіргі күні аталған мекеме мамандары 70 мыңнан аса адамға қызмет көрсетеді. Бұл, әрине, ақхалаттылар үшін біраз жүктеме туғызады. Ал жаңа емдеу мекемесінің қауқары бір уақытта 250 адамды қабылдауға жетеді.

Дәл осы шағын ауданда жаңа қазақ театрының құрылысы жүріп жатыр. 2019 жылы басталған шаруа бүгінге дейін әлі аяқталмады. Облыс әкімі Құмар Ақсқаловтың сөзінше істі қолға алған мердігер белгісіз бір себептермен шаруаны кешеуілдетіп, жөнді жұмыс атқармай қойыпты. Осыған орай жергілікті билік өкілдері келісімді орындамаған компания өкілдерін жауапқа тартып, маңызды шаруаны басқа мердігерге берген. Қазір енді іс бір жолға қойылған көрінеді. Қызметкерлер құрылыс жұмыстарын биыл тәмамдап, өнерсүйер қауымға жаңа театрдың есігін айқар ашпақ ниетте. Істің жан-жақты дұрыс жүргізілуіне жергілікті мәдениет саласының өкілдері де өз үлестерін қосуда.

Бұдан соң облыс әкімі қаладағы жөнделіп жатқан көшелерді көрді. Алғашқысы – Горький. Қазіргі күні қалалық әкімдік тарапынан мұндағы тас жолдың ені 16 метрге дейін кеңейтіліп жатыр. Сонымен қатар, жабық кәріз жүйесі орнатылуда. Шаруаны «Құрылыс Сервис-СК» серіктестігі қолға алған. Іс уақытында атқарылып жатыр. Жақын арада пайдалануға да беріліп қалады. Аймақ басшысы мердігердің жұмысына оң бағасын берді. Ал келесі нысандағы қызметкерлерді Құмар Ақсақалов қатты сынға алды. Олар былтырдан бері Бөкетов көшесіне жабық кәріз жүйесін орната алмай әлек. Сағызша созылған шаруа жергілікті тұрғындарды да, бизнес өкілдерін де күттіріп қойған. Тауар әкелу де, жүріп-тұру да бір машақат.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Былтырдан бері жөндеп бітетін уақыттарыңыз болды. Неге шаруаны кешеуілдетіп қойдыңыздар?

Мердігер жұмысты 20 күннің ішінде тәмамдаймын деп уәде берді. Айтуынша құбырлардың барлығы салынып қойған екен. Жақын арада асфальт төсеуді бастамақшы. Аймақ басшысы өз кезегінде серіктестік өкілдеріне ескерту айтты. Шаруа уақытылы тапсырылмаса, компанияға айыппұл салынады.

Облыс орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысандар көп. Мәселен, қазір Мағжан Жұмабаев көшесінде 244 орынға арналған студенттік жатақхана салынып жатыр. Бұл жоба да мерзімінен кешігіп жатыр. Салынып жатқанына биыл 3-ші жыл. Құрылыс жақында басқа мердігерге сеніп тапсырылыпты.

Қайролла Ғалеев, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
– Жобаны «Пилон» құрылыс компаниясына бердік. Жұмыс тез жүргізіліп жатыр. Бүгінде нысанға су құбырын тартып, электр желісін өткізудеміз. Қаражат пен құрылыс материалдары жеткілікті. Жатақхананы биыл пайдалануға береміз.

Бұдан кейін Құмар Ақсақалов ҚР Ұлттық ұланы Академиясына ат басын бұрды. Мұнда қазір 3 әскери корпустың құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта жаңа ғимаратта курсанттар тұрып біліп алады. Жаңа нысан барлық заман талаптарына сай болмақ.

Бердимурат Баймухан