МТРА жаңалықтары

Халықаралық балалар күніне орай шара өтті

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенттері Отбасылық үлгідегі балалар ауылында мерекелік жиын ұйымдастырды. Іс-шара 1-маусым – Балаларды қорғау күні мен Балалар жылы аясында өтті. Көңілді бағдарлама шымылдығын жастар бимен ашты. Ал мәре-сәре болған тәрбиеленушілер олардың қимылдарын қайталады.

Көп кешікпей кезек ойынға да келді. Балалар түрлі тапсырмаларды орындау арқылы «Детство» сөзін жинауы қажет. Мұнда Жұлдыз Омарова ерекше белсенділік танытты. 16 жастағы жеткіншек секіртпемен тез секірді, өлең шумақтарын мәнерлеп оқып, ертегі де айтып берді.

ЖҰЛДЫЗ ОМАРОВА, Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:
 – Құрбым екеуіміз әріптерді жинадық. Яғни, бір топта бағымызды сынадық. Жолымыз болды. Әріптерді тез жинап шықтық. Бізге осындай мерекелік шара ұйымдастырған студенттерге алғысым шексіз

Ал Александра Куликке колледж студенттері ұйымдастырған флешмоб ерекше ұнаған екен. Айтуынша, ол бос уақытында би және волейболмен айналысады.

АЛЕКСАНДРА КУЛИК, Отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:
– Бүгінгі шара маған қатты ұнады. Әсіресе, би көңілімнен шықты. Бізге мерекелік көңіл-күй сыйлаған гуманитарлық-техникалық колледж студенттеріне ризашылығымды білдірдім.

Шара соңында ұйымдастырушылар балалар ауылының тәрбиеленушілерін келе жатқан мерекемен құттықтап, тәтті сыйлықтар табыс етті.

ЕКАТЕРИНА ГОЛАВЕШКИНА, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің әлеуметтік ұстазы:
– Көңілді жиын балалардың есінде қалады деген үміттеміз. Жалпы, біздің 1-ші курс студенттері осындай шараларға белсенді қатысады. Бүгінгі шараға 10 студент ат салысты.

Қазіргі таңда отбасылық үлгідегі балалар ауылында 40-қа жуық бала бар. Олардың 7-еуі – түлек.

Самал Жунусова