МТРА жаңалықтары

2-ЖЭО-да референдум жайлы айтылды

Референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі облыстық штаб өкілдері 2-ЖЭО-да болды. Мұнда олар кәсіпорын қызметкерлеріне алдағы саяси іс-шараның мән-маңызы жайлы айтып, біркісідей қатысуға шақырды.
Қазақстанда алдағы бүкілхалықтық сайлау арқылы Конституциялық сот құру көзделген. Заң саласына аса бойлай қоймаған жан бұған мән бермеуі әбден мүмкін. Дегенмен, бұл өзгеріс назар аударуды қажет етеді. Себебі, орын алғалы тұрған жаңашылдық – “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының айқын дәлелі. 2-ЖЭО ұжымы алдында сөз сөйлеген референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі облыстық штаб мүшесі, белгілі заңгер Павел Афанасьев Конституциялық сот 11 судьяның басын біріктіреді дейді.

Павел Афанасьев, референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі облыстық штаб мүшесі:

 – Тағы Конституциялық сотқа Бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкіл жүгінеді. Осы орайда айта кеткен жөн, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің әр облыста өз өкілі болмақ. Яғни, тұрғындар толғандырған мәселелерін елордаға барып емес, жергілікті жерде де көтере алмақ. Назар аударарлық тағы бір жайт, азамат Конституциялық сотта өз ойын дәлелдеу арқылы күллі қоғамға өзгеріс енгізе алады. Мысалы, қандай да бір нормативтік құқықтық актілермен, шешімдермен, тіпті, Үкіметтің қаулысымен отандасымыздың құқығына және бостандығына нұқсан келсе, оны айғақтап, заңның өзіне түзету енгізуге болады.

Павел Афанасьев өз сөзін бірнеше мысалмен жалғады. Оның айтуынша, қарапайым адамдар кәдімгі жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақы көлеміне көңілдері толмаса, осы Конституциялық сотқа жүгіне алады. Сонау 90-шы жылдардың басында елімізде мұндай орган болыпты. Сонда тұрғындардың базынасы бойынша заңдар, Үкімет қаулылары, тіпті, Президент шешімдері күшін жойған екен. Демек, референдум – ауқымды өзгерістердің бастауы.

Павел Афанасьев, референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі облыстық штаб мүшесі:

 – Алдағы республикалық референдум уақыт өте келе жергілікті референдумға алып келеді деп ойлаймын. Онда нені өзгертеміз? Менің ойымша біз дауыс беру арқылы денсаулық сақтау, білім беру салаларына өзгеріс енгізе аламыз. Қоғамдық көлікте тегін жүру сынды жеңілдікті де енгізуіміз мүмкін. Осы себепті мен заңгер ретінде алдағы саяси іс-шараны қолдаймын. Көтерілген мәселелердің барлығы орынды, барлығы сүзгіден өткен.

Көш жүре келе түзеледі! Кездесу соңында осындай ұстанымдағы штаб мүшелері жылу электр орталығының қызметкерлерін 5-ші маусымда өтетін сайлауға қатысуға шақырды.

Байболат Култанов