МТРА жаңалықтары

12 солтүстікқазақстандық оқушы Президентпен кездеседі

Өңірде биыл 12 бала “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығына барады. Жеткіншектер сонда Президентпен кездеседі.
Мұндай мүмкіндікті көптің ішінен Ерхат Зарапов иеленіп отыр.
8-ші сынып оқушысы сабағын жақсы оқиды екен әрі спортта да белсенді. Волейбол десе ішер асын жерге қоюға әзір. Волейболмен шұғылданып жүрген жеткіншек болашақта бизнесмен боламын дейді.

ЕРХАТ ЗАРАПОВ, оқушы

-Мен меткептегі әр түрлі іс-шараларға қатысып, спортта жетістіктерге жеттім. Волейбол спортымен айналысамын. Әр түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алдық.

“Балдәуренге” Максим Иванов та барады. 12 жастағы жеткіншек жан-жақты. Оқуда да алда, спортта да көш басында жүреді. Баскетболмен шұғылданады. Бірқатар жетістігі бар.

МАКСИМ ИВАНОВ, оқушы:
– Ресейдің бірнеше қаласында баскетболдан өткен жарыстарда командамызбен бірге жүлделі орындарға ие болдық. Облыс орталығында да үздіктер қатарынан көріндік. Республикалық деңгейдегі сайыстарда да бой көрсеттік. “Балдәуренге” бірінші рет барғалы жатырмын. Бойымды қуаныш кернеп тұр.

Осы сәтті сапардың балалардың есінде қалатыны сөзсіз. Өйткені, осы жазда “Балдәурен” орталығында тынығып жатқан балалармен жүздесуге Мемлекет басшысының өзі келеді деп жоспарланып отыр.

Александр Штро, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының әдіскері:
Балалар орталықта 15 күн демалады. Барлығы тегін.
Осы екі аптада түрлі қызықты кездесулер, байқаулар, спорттық шаралар мен шығармашылық сайыстар өтеді. “Балдәуренге” баратын балалар – республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері, халықаралық деңгейде қорғалған жоба авторлары, спортшылар, шығармашылыққа жақын әрі дебат ойындарына қатысушылар.

“Балдәуренге” баруға лайықты баланы мектеп басшылығы ұсынған.
Осы жолы облыс орталығынан, Қызылжар мен Жамбыл аудандарынан 5-ші мен 8-ші сынып аралығында оқитын оқушылар таңдалып алынған. Айта кету керек, солтүстікқазақстандық топқа бір үлгідегі киім формасы берілді.

Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:

 

-Өңірден “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығына жыл сайын кемінде 300-ден астам бала барады. 20-ға жуығы бірінші ауысымға ілігеді. Онда Президентпен кездесу өтеді деп жоспарланып отыр. Балалар үшін есте қаларлық сәт, әрине. Жеткіншектер Мемлекет басшысына өздерін қызықтырған сұрақтарын қояды.

Балалар “Балдәуренге” мамырдың 27-сінде жолға шығады.

Стажер