Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тимирязев ауданының орталығында спорт кешені ашылды

Тимирязев ауданының орталығында су жаңа спорт кешені ашылды. Заманауи нысанда енді тұрғындар кез келген спорт секциясына тегін қатыса алады. Кешеннің жабдықталуымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Нысанның құрылысы өткен жылы бастау алған болатын. Ауқымды жұмыс небәрі 9 айдың ішінде тындырылды. Спорт кешенін салуға әрі оның ішін тиісті құралдармен жабдықтауға “Ауыл-ел бесігі” бағдарламасы бойынша 502 млн теңге қаржы жұмсалған.

СЕРГЕЙ МЕЛЕХОВ, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

 

– Нысанның аумағы 1800 шаршы метрді құрайды. Мұнда негізгі зал бар. Онда волейбол, баскетбол ойнауға болады. Сондай-ақ, фитнес, бокс, күреске арналған залдар бар. Бір бөлме теннис үстелімен жабдықталған.

Су жаңа нысанға “AQ SUNQAR” деген атау беріліпті. Тұрғындарды елді мекенде жаңа спорт кешенінің ашылуымен өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов құттықтады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 

 – Бұл – облыста соңғы 5 жылдың ішінде ашылып отырған 5-ші спорт кешені. Қазір өңірде тағы осындай 5 нысан салынып жатыр. Заманауи орталық мықты спортшылардың қатарын арттыруға септеседі деп сенемін. Тимирязев ауданының атын асқақтатып жүрген толағайлар баршылық. Солардың бірі – “KUANISH” волейбол клубының қыздары.

СӘБИРА БЕКІШЕВА, “KUANISH” ВК ОЙЫНШЫСЫ:

 

– Біз кезінде жергілікті мектептердің спорт залдарында жаттығатынбыз. Ал қазір бізден кейінгі жас спортшыларға барлық жағдай жасалып жатыр. Мұндай заманауи кешен ұл-қыздардың спорттық қарым-қабілеттерін шыңдап, биік белестерді бағындыруға септеседі. Келешекте біздің қатарымызға осы жерде тәлім-тәрбие алған білікті волейболшылар қосылады деген үміттемін.

Кейін облыс әкімі спорт кешенін аралап шықты. Залдардың жабдықталуын қарап, бапкерлермен тілдесті.

Кешенде ұлттық спорт түрімен де айналысуға болады. Бүгінде Тимирязев ауданында қазақ күресінің дамуы жақсы қарқын алған.

Зияткерлік ойындар да ұмыт қалған жоқ. Аға буын өкілдері кешкілікте кешеннің 2-ші қабатында шахмат пен тоғызқұмалақ ойнай алады.

Су жаңа кешеннің жанынан былтыр жабық хоккей қорабы салынып, қолданысқа тапсырылған болатын. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 91 млн теңге жұмсалды.

Қыс мезгілінде коньки тепкен балалар қазір жасанды жасыл алаңда футбол ойнап жүр. Спорт десе ішер асын жерге қоюға әзір жеткінштер бұндай мүмкіндікті ұзақ күткендерін айтты.

 

ИЛЬЯ БЕЛЕТЧЕНКО:

– Мен футболмен 3 жыл айналысамын. Болашақта кәсіби аяқ доп шебері болғым келеді. Ол үшін біздің ауданда барлық жағдай жасалып жатыр. Білікті бапкеріміз де бар, енді міне осындай заманауи кешен де есігін айқара ашты. Енді спортқа мықтап ден қоямыз.

Тимирязев ауданында спорт саласындағы құрылыс жұмыстары бұнымен толастамайды. Биыл аудан орталығындағы стадионға күрделі жөндеу жүргізіледі.

Дана Ешкенова