МТРА жаңалықтары

eGov.kz порталын пайдалану тәсілдері көрсетілді

САМАЛ ЖҮНІСОВА

– Мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігін Электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Бірақ, бұндай әдістің барын білмейтіндер де жоқ емес. Қандай қызмет түрін интернеттің көмегімен қалай алуға болады? “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының жергілікті мамандары тұрғындарға арнап оқыту семинарын өткізіп жатыр.

Бүгінгі жиынның өзіндік ерекшелігі бар. Залға тұрғындар емес, оларға қызмет көрсетуші мамандар жиналған. Ұйымдастырушылар ақыл-кеңестерімен бөлісіп, олардың біліктіліктерін арттырмақ. Негізі, мемлекеттік қызметті электрондық форматта көрсету – уақытты ұтымды пайдаланудың жолы. Бүгінде мұндай әдіс барлық мемлекеттік органның жұмысына енгізіліп жатыр. Мұхтар Оспанов – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы. Оған түрлі сұрақпен күніне 50-ге жуық адам жүгінеді.

МҰХТАР ОСПАНОВ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы:

– Бүгін ЦОН қызметкерлерімен мастер-класс өткізілді. Ол біздің жұмысқа өте пайдалы деп есептеймін.  Бізге адамдардың көп келуіне байланысты үйреткен қызметтерді тез жасауға үйрендік.

Портал мазмұны мен безендірілуі уақыт талабына сай жиі өзгеріп тұрады. Наурыз айында Egov сайтының интерфейсі мен жеке кабинетке кіру әдісі жаңарды. Мұны тұрғындарға көрсетіп, түсіндіріп беретін мамандардың өздері жақсы білуі қажет.

АНАСТАСИЯ ВЛАСЕНКО, “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕ АҚ СҚОФ маманы:

-Келесі кезекте жергілікті атқарушы органдарға барамыз. Бізде оқыту іс-шарасы бекітілген кесте бар. Сонда семинардың қай жерде өтетіні көрсетілген. Мақсатымыз – халықтың цифрлық сауаттылығын мейлінше арттыру.

Жалпы, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының жергілікті қызметкерлері 800-ге жуық мекемеде осындай семинар өткізуді жоспарлап отыр.

Самал Жунусова