Қозыбаев университетінде алда өтетін референдум туралы жиын өтті. Оған 30-дан астам студент қатысты. Жастарға саяси науқанның мән-маңызы жайлы айтылды.
Референдум жайлы не білесіңдер? Қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әлфараби Мыңбайдың қойған сұрағына жастардың бірде-бірі жауап бере алмады. Бұған не себеп? Жас та болса, бас болып жүрген қоғам белсендісі ойын былай жеткізді.
Әлфараби Мыңбай, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Кей жағдайға байланысты жастарымыздың бір бөлігі референдум туралы түсінбейді. Неге? Себебі, студент жастарымыздың көбісі 95 жылғы референдумнан кейін өмірге келген. Жастарымыздың көбісі референдумға тұңңыш рет қатысып жатыр.
Олқылықты түзеу қажет. Ол үшін жастар арасында референдум тақырыбында жиындар өткізіп, саяси оқиға жайлы кеңінен баяндау керек. Осындай іс-шараның бірі университет қабырғасында ұйымдастырылып отыр. Мұнда Ата заңға енгізілетін өзгерістер туралы рет-ретімен айтылды. Болашақта елімізде өлім жазасына түпкілікті тыйым салынуы мүмкін. Тағы мемлекет басшысының өкілеттігі де біршама өзгермек.
Александр Зель, «AMANAT» партиясы «Болашақ» филиалының атқарушы хатшысы:
– Біздің мемлекетіміз алдағы уақытта азаматтық қоғам мен мемлекеттік билік арасындағы өзара іс-қимылдың мүлде басқа бейнесіне, моделіне ие болады. Елде жаңа саяси жүйе құрылады.
5-ші маусымда университет қабырғасында да дауыс беру ұйымдастырылады. Бұл күні 2-ші және 6-шы оқу корпустарында білім ордасының ұжымына, студенттерге және жақын маңда тұратын азаматтарға арналып құрылған сайлау учаскелері жұмыс істейді.