МТРА жаңалықтары

Соңғы қоңырау

Бүгін Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде соңғы қоңырау үні сыңғырлады.
Білім ұясында барлығы 700-ден астам бала бар болса, соның 49-ы – түлек. Ұстаздар қауымының айтуынша биыл ерекше оқу жылы болды. Өйткені, бұған дейін М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжбен бірге бір шаңырақ астында болған мектеп өткен жылдың күзінде жаңа нысанға көшкен.

Разея Касимова, М.Жұмабаев атындағы IT-лицей-мектебінің директоры:

– Биылғы жыл – біздің ұстаздарға, оқушыларға, ата-аналарға өте маңызды жыл. Себебі, 1-ші қыркүйекте ғана осы ғимарат ашылды. Бір жылдың ішінде біздің оқушыларымыз бір-бірімен танысып, бір-бірімен тіл табысып бір коллектив болды.

Бойды билеген қобалжу мен қимастық сезім. 49 түлектің біреуі – Алтын белгіге үміткер, жетеуі ерекше үлгідегі аттестат алуға ниет қойып отыр. Мектеп қабырғасында 11 жыл бойы алған білімді дәлелдейтін, ұстаздардың еңбегі мен сенімін ақтайтын сәт алда.

Олжас Оразбай, түлек:

-Барлық оқушы түлектерге тілерім ақ жол және өзімізге де сәт-сапар және алдағы уақытта өзімізді биік белестерден көрсете аламыз деп ойлаймын.
Еліміздің дамуына өзіміздің күш-жігерімізді салып, өз үлесімізді қосамыз деген сенімдемін.

Соңғы қоңырау үні тек түлектердің ғана жан-дүниесін елжіреткен жоқ, ортада жиналған ата-аналардың да қобалжып тұрғанын көзіміз шалды. Бүгін Айнаш Мәушәріпованың қызы мектеп бітіріп жатыр.

Айнаш Мәушәріпова, түлектің анасы:

– Менің қызым Мықтыбай Елнар осы М.Жұмабаев лицейінде 7-ші сыныптан бері оқыды. Жақсы тәрбие алды, оқу екпіндісі. Енді болашақта журналистика мамандығын таңдайды. Алдағы ҰБТ-ларын жақсы беріп, түлектер жақсы оқуға түсіп ата-аналарын қуантады деп ойлаймын.

Жалпы, бүгін өңір мектептерінен 3 мыңнан аса түлек түлеп ұшты. Соның мыңға жуығы – петропавлдықтар. Барлығы – 140 түлек Алтын белгіле үміткер, 200-ден астамы үздік аттестат алуға ниетті.