МТРА жаңалықтары

Тұрғындарды мезі қылған қоқыс мәселесі

Талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан түйткіл. Петропавлдағы Халтурин көшесінің тұрғындары күл-қоқыспен күресіп, шыдамдары таусылған.
Қазіргі таңда аталған аудандағы тұрмыстық қалдық жиналатын жердің көрінісі осындай. Жәшіктер бос болғанымен айнала бей-берекет шашылған қоқыспен ластанған. Кесілген ағаш, жиһаз, тақтайлар – қоқыс жәшігіне сыймайтын дүниелер сыртында жатыр. Қолқаны қабатын иісті аймақты шыбын-шіркей, ит пен құс паналауда. Көпті толғандырған мәселеден Нина Красникова әбден мезі болған. Нәзікжандының үйі үйіліп жатқан күл-қоқыстан бірнеше аттам жерде орналасқан. Жаман иіс былай тұрсын, баспанасында жәндіктер қаптап кеткен. Зейнеткер бұл мәселені шешудің екі жолын ұсынып отыр. Қоқыс жәшіктерін басқа орынға ауыстыру қажет не болмаса оны қоршау керек.

НИНА КРАСНИКОВА, қала тұрғыны:

– 2017 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жүгіндім. Мамандар қоқыс орнын ауыстыруға басқа жердің жоғын айтты. Қалалық әкімдікке 2018-де де бардым. Онда да еш шара қолданылмады. Бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына бірнеше жыл өтті. Бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырдым. Бұл жерге басқа аудан тұрғындары да қоқыс төгіп кетеді. Оның салдарын біз көріп отырмыз.

Жел тұрса болды қоқыстың жеңілі қаңбақша домалап үйге дейін жетеді екен. Оны күнделікті Руслан Зарипов жинап әлек. Тіпті, тұрмыстық қалдық үйілген жерде бірнеше рет от тұтанған.

РУСЛАН ЗАРИПОВ, қала тұрғыны:

– Қоқыс үйіндісінен мамырдың 9-ына қараған түні өрт шықты. Үйімнің терезесінен қарап едім қоқыс жанып жатқанын көрдім. Тілсіз жау электр сымдары тұрған бағанға дейін жетті. Өрт сөндірушілерді шақырдым. Олар келіп өртті ауыздықтады. Бірақ, таңғы сағат 6 шамасында күл-қоқыс қайта жанды. Мамандар қайта келіп сөндірді. Ал осы күл-қоқыстың кесірінен үйіміз отқа оранып, қайғылы жағдай орын алса ше? Оған кім жауап береді?

Тұрғындарды толғандырған мәселемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жүгініп, жауап алдық.

Әсем Айтулова, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қоқыс шығаратын жәшіктер тек қана қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған. Ал үлкен габаритті қоқысты өз қаражаттарына пәтер иелерінің кооперативімен келісе шығаруы керек. Бүгінгі таңда қаламыздағы кооперативтердің дені үлкен габаритті қалдықтарды осылай шығарып жатыр. Ал қоқыс жәшігінің орнын ауыстыру үшін оны шығаратын мекемеге хабарласып, өзара келісіп ауыстыру керек.

Белгілі болғандай, қоқыс төгу аймағын қоршау үшін де қос тарап өзара келісіп алуы керек. Бірақ, ол үшін қосымша ақша төлеу қажет болады.

Алдияр Айтпаев