МТРА жаңалықтары

«Қызмет» кәсіподақ ұйымына – 94 жыл

Жұмыскердің құқығын қорғау және оның жұмыс істеуіне жайлы жағдай жасау. Петропавлда осы мақсатта 94 жыл бұрын “Қызмет” кәсіподақ ұйымы құрылды. Оған мемлекеттік мекемелер мен банк, қоғамдық қызмет көрсету нысандарының қызметкерлері мүшелік етеді.

МИРБОЛАТ ЖАҚЫПОВ, «Қызмет» салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы:

– Ең басты мақсатымыз – әлеуметтік еңбек құқықтарын жақтау. Яғни, мемелекеттік және азаматтық қызметкерлердің. Бұл реформаны ТМД елдерінің арасында біз алғаш бастадық.

«Қызмет» ұйымының қолдауымен оның қамқорлығындағы қызметкерлердің жалақысы өсті. Соның ішінде ауылдық әкімдік мамандарының айлық еңбекақысының жоғарылауы – төгілген тердің нәтижесі. Жалақыға қатысты оң өзгеріс ауылда осы салада кадр тұрақтауына ықпал еткен. «Қызмет» кәсіподақ ұйымына 6 мың солтүстікқазақстандық мүшелік етеді. Оның жартысына жуығы қатарға соңғы үш жылда қосылған. Ал ел бойынша 92 мың үзеңгілесі бар екен. Оңай жұмыс жоқ демекші, әр саланың өзіндік бір қиындығы болады. Сол мәселелерді шешу жолдарымен осы аталған ұйым айналысады екен.

МИРБОЛАТ ЖАҚЫПОВ, «Қызмет» салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы:

– Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін адам 40 жасқа келгенде кәсіби аурулар пайда болады. Яғни компьютер алдында көп отырған соң, көз аурулары, жүйке ауруларына шалдығады. Сол үшін жұмысшыларды арнайы сауықтыру орындарына жіберіп тұрамыз.

Өз қызметкерлері үшін «Қызмет» кәсіподағы 8 шипажай ашыпты. Одаққа мүшелік ететін жандардың барлығына ем-дом шаралары жеңілдікпен ұсынылады. Жалпы, кәсіподақтар федерациясы 2022 жылды «Әлеуметтік серіктестік» жылы деп жариялады. Бүгін осы бағытты дамытуға белсенді үлес қосқан бірқатар азаматқа түрлі марапаттар мен алғыс хаттар табыс етілді.

Бердимурат Баймухан