МТРА жаңалықтары

Елімізде “Медициналық пойыздар” жобасы бастау алды

Елімізде “Медициналық пойыздар” жобасы бастау алды. Оның аясында арнайы темір тұлпарлар шалғай елді мекендерді аралап, тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетпек.

Дәрігерлер алғашқы жәрдеммен қатар, диагностикалық тексеріс жүргізеді. Қажеттілік туындаған жағдайда кішігірім ота да жасайды. “Жәрдем” деп аталатын медициналық пойыз 6-шы қарашаға дейін 80 станцияны, ал “Саламатты Қазақстан” 20-шы маусымнан 2-ші қарашаға дейін 67 станцияда аялдайды. Әр елді мекенде ақхалаттылар отандастарымызды 1 немесе 2 тәулік көлемінде қабылдайды. Айта кету қажет, бұл жоба “Samruk-Kazyna Trust” қорының қолдауымен өткізілуде.

ӘЛФИЯ АДИЕВА, “Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобалар дамыту қорының бас директоры:

-2021-ші жылы “Samruk-Kazyna Trust” еліміздің 17 өңірінде 32 әлеуметтік жобаны қолдаған болатын. Соның арқасында жарты млн-ға жуық халық көмек ала алды. Бүгінде қор өңірлердің дамуына қатысты бағдарламалар мен бастамаларды толық қолдайды. Өзімнің білуім бойынша медициналық пойыздар халықтың сұранысына ие.

БАТЫРХАН САРЫМСАҚОВ, ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы:

– Бұл пойыздың ерекшелігі – гастроэнтеролог, гинеколог, уролог деген сияқты бейінді мамандардың ауыл-аймаққа баруы. Әйел адам, мысалы, гинекологтың есебінде есепте тұрса, ол сол поездға барып, маманның көмегін ала алады.

Алдияр Айтпаев