Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ақжар ауданына іс-сапар

Осы күндері Ақжар ауданында мал бордақылау алаңы тұрғызылып жатыр. Жасаған іс-сапары барысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов ең алдымен осы нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Болашақта мұнда етті бағыттағы “Абердин ангус” сиырлары ұсталмақ. Төрт аяқтыларға тиісті күтім жасалады. Соның нәтижесінде Зеңгі баба төлдері тез салмақ жинайды.

ТЕМІР АРҒЫМБАЕВ, «Береке Ақжар» ЖШС директоры, Ақжар ауданы:

– Бес жүз бас өткен жылдың мамыр айында келді. Биыл қолдан ұрықтандырдық. Қазір малдың жалпы саны сегіз жүз басты құрайды. Қырық бұқамыз бар. Мынау репродуктордың қабырғасы. Жігіттер салып жатыр.

Екі мың басқа шақталған бордақылау алаңының құрылысы шілдеде аяқталмақ. Биыл аудандағы бірнеше ауылдың ішкі жолдары жөнделеді. Талшықтың өзінде алты көше қалыпқа келтіріледі. Жоспарланған бұл жұмыс та жаздың екінші айында соңына жетпек. Осы ретте халықтың бақылауы мен тиісті мамандардың көмегіне сүйеніп, сапаны ескеру қажет. Жүрдім-бардым атқарылған шаруа – далаға кеткен еңбек, жерге сіңген су.

ЖОЛДЫБАЙ ТЕНТЕКОВ, “Жол активтері ұлттық сапа орталығы” РМК СҚОФ директоры:

– Осы күнге дейін Ақжар ауданында екі инспекциялық тексеру жүргізілді. Қиыршық тас пен битумға қатысты материал жиналды. Қазір олар жан-жақты қаралып жатыр. Жолдар бойынша ұйғарымдар жазылды. Іске жауапты жандар олқылықтарды түзеуде.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жолдардың сапасын үнемі назарда ұстап, бақылап отыру қажет. Себебі, бұл іске қыруар қаржы бөлініп жатыр. Біз жүз елді мекеннің ішкі жолдарын жөндеуді бастадық. Биыл Ақжар ауданында алты ауылдың көшелері қалыпқа келтіріледі. Олар: Талшық, Дәуіт, Ұялы, Ленинградское, Киевское және Горьковское.

Биыл көшелері жөнделетін Талшықта былтыр он бір әлеуметтік маңызы бар нысан мен сегіз тұрғын үй орталықтандырылған жылу желісіне қосылды. Қызмет көрсетуші ұйым – “Сапро-Нат” серіктестігі. Тұрғындар сапаға оң баға бергенмен төлемге көңілдері толмайды.

Иә, абонент саны артса баға төмендейді. Қазір қызмет көрсетуші ұйым осы бағытта жұмыс істеп жатыр екен. Әңгіме барысында облыс әкімі ауылдарға жол салу, ауыз су мен жылу тарту биліктің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Соңғысы бойынша соңғы екі жылда өңірде біршама шаруа тындырылыпты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз үйлерге жылу жеткізу жұмысын 2020 жылы қолға алдық. Бүгінге дейін облыстағы 127 көпқабатты үй немесе 4 мың адам орталықтан келетін желіге қосылды.

Талшықтан 12 шақырым жерде орналасқан Қулыкөл ауылында аймақ басшысы “Дамир” қожалығының еңбек ұжымымен кездесті. Жүздесуде толғандырған мәселелер талқыға салынды. Ал Ұялыда Құмар Ақсақалов баяндама жасады. Өзге аудандарда сүт-тауарлы ферма қос-қостан салынып жатқанда соңғы 5 жылда Ақжар ауданында бірде-бір нысан тұрғызылмапты. Шетелден сатып алынған әр бас мал үшін қомақты субсидия берілетін қазіргі шақта бұл көрсеткіш, әрине, көңіл көншітпейді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мысалы, сүтті мал шаруашылығы бағытындағы мал сатып алынса, бұрын екі жүз мың теңге берілетін. Қазір сома 400 мыңға жетіп отыр.

Бүгінде ауданда “Бекет” қожалығына тиесілі алты жүз басқа арналған бір ғана сүт кешені бар. Шаруашылық басшысы етті бағыттағы төрт аяқтылармен қоса есептегенде бір мың сегіз жүз бас сиыр және екі мың бас жылқы ұстайды. Фермердің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары. Ол ауылға көмек көрсетеді екен.

МАРАТ ШӘПЕНОВ , “Бекет” ФҚ басшысы, Ақжар ауданы:

– Қарттар күніне байланысты мүгедектер мен үлкендерге жалпы сомасы бес жүз мың теңгенің көмегі көрсетілді. Ұялы ауылындағы мешіттің құрылысына белсенді қатысып жатырмыз. Сонымен қатар, Ақсары, Ұялы ауылдарындағы су құбыр жөндеуге бір млн теңгеден астам қаражат бөлдік.

Биыл “Бекет” қожалығы, әкімдік және халық арасында меморандум қабылданыпты. Құжат аясында іскер жан тұрақтандыру қорын қалыптастыруға және әлеуметтік осал топтарға көмектеспек. Ал мемлекет тарапынан биыл аудандағы ауылдарға ауыз су тартылады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сумен қамту бойынша биылғы жоспар анықталды. Үлгілі, Ақсары, Баймырза, Горьковское, Ленинградское және Ұялы ауылдарында жұмыстар жүргізіледі. Ұялыда локалды станция жөнделмек. Тағы бір үлкен жоспарымыз бар. Мемлекет басшысы “Булаев” топтық су құбырын қайта жаңғырту бойынша тапсырма берді.

Кездесуден кейін Құмар Ақсақалов азаматтарды қабылдау өткізді. Облыс әкіміне бірнеше азамат жүгінді. Кейін өңір жетекшісі “Болат” қожалығының алқабына барып, егіс жұмысымен танысты. Біреу білсе, біреу білмес, паралимпиада жүлдегері Александр Герлиц – Ақжар ауданының тумасы. Жұмыс сапары соңында аймақ басшысы спортшының кіндік қаны тамған Горьковское ауылына ат басын бұрды. Мұнда шаңғышының отбасымен, балалық шағымен танысты.

Александр Герлиц, қысқы паралимпиада жүлдегері Александр Герлицтің әкесі, Ақжар ауданы:

– Вообще любил он просто бегать. Короткие дистанции – его конек. Он побеждал на них.

Ауылдағы жастар спортқа жақын. Оларға облыс әкімі сәттілік тіледі және ел намысын абыроймен қорғаған Александрдан үлгі алуға шақырды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жас спортшыларды қиындыққа қарамай кез келген жағдайда жаттығып, биік белесті бағындырған үлкендердің жол қууға шақырамыз. Нәтижеге қол жеткізу үшін тек еңбек ету қажет. Сонда ғана төккен тер ақталады.

Кездесу соңында жиналғандар естелік суретке түсті.

Байболат Култанов