Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда “Ислам мәдениеті музейі” ашылады

БЕРДІМҰРАТ БАЙМҰҚАН, тілші:

– Біз қазір Петропавлдағы көне ғимараттың қасында тұрмыз. Халық арасында Дәулеткелдеев деп аталып кеткен мешіт ХІХ ғасырдың ортасында, яғни 1857 жылы салынған екен. Қазір облыстық әкімдіктің қолдауымен аталған нысанды қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс аяқталған соң қасиетті орын қала тұрғындары мен қонақтарына арналған музейге айналады.

Жаңғырту жұмыстарын айтпастан бұрын қасиетті орынның тарихына қысқаша тоқтала кетейік. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, 1921 жылы Петропавлда 9 мешіт болыпты. Құлшылық ету орындарының 6-уы тастан қаланған болса, қалғаны ағаштан тұрғызылған. Ал бұл – шаһарда бой көтерген 4-ші нысан. Ғимарат жергілікті халықтың өтініші бойынша салынған екен. Кейін кеңес үкіметі кезінде елдің рухани азық жинайтын орындарының есіктеріне қара құлып салынып, көбісі қиратылған. Дәулеткелдеев мешіті де солақай саясаттың нысанасына ілікті.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Совет үкіметі кезінде мешіттер түгелімен жабылды. Олардың барлығы пионерлік клубтар мен ойын-сауық орындарына айналды. Бұл мешіт болса қоймаға айналды.

Қасиетті орынның тарихы мен салыну жоспары жөнінде мағлұматтарды жергілікті мамандар Санкт-Петербор қаласындағы архивтен тауыпты. Нысанды жаңғырту жұмыстарының жоспарын әзірлеген мамандар мешіттің әуелгі кейпін қайта жасап шығуға тырысамыз дейді. Осылайша құлшылық орны “Ислам мәдениеті музейі” болып қайта ашылады.

БОЛАТ ӘСЕРБЕКОВ, ҚР Суретшілер одағының мүшесі:

– Ғимараттың барлық контурлары сол қалпы қалады. Есіктер мен терезелер де өз өлшемінде жасалады. Осылайша тарихи нысанның бұрынғы бейнесін қайта жасап шығарамыз. Ислам мәдениеті музейіне кейін осында қолданылған түрлі құнды жәдігерлер орналастырылады. Яғни, Қасиетті Құран кітабы мен шапан секілді мешітке тиесілі дүниелермен толығады.

Алтынмен пара-пар естеліктерді солтүстікқазақстандықтар мемлекеттік архивке әкеліп тапсыра алады. Мамандардың сөзінше қазірдің өзінде біраз материал жиналып қалыпты. Айта кеткен жөн, музейді қалыпқа келтіру жұмыстары былтыр желтоқсан айында басталыпты. Шаруа үстіміздегі жылдың күзінде тәмамдалмақ.

Бердимурат Баймухан