МТРА жаңалықтары

Петропавлда «Taza Álem» жобасы аясында эко-акция өтті

Табиғат аясына демалуға шықтың ба, артыңнан қоқыс қалдырма. Осындай ұран ұстанған петропавлдық жастар тұрғындарды қоршаған ортаға қамқор болуға шақырады. Бүгін шаһардағы бірнеше колледж студенттерінен құралған еріктілер қала шетіндегі орманды қоқыстан тазалауға шықты. Шарапаты мол шара «Taza Álem» жалпыұлттық жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.

Александр Андрюшечкин, СҚКПК студенті:

– Солтүстік Қазақстан кәсіби педагогикалық колледжінде волонтерлік клуб бар. Қатарға былтыр оқуға түсе сала қосылдым. Маған табиғат аясына жастармен бірге шығып, осындай игі істермен айналысқан ұнайды. Өзін патриотпын деп санайтын барлық қыз-жігіттерді біздің ұжымға қосылуға шақырамын. Отанға деген құрметті сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдеу керек.

Пластик бөтелке, полиэтилен пакет пен басқа да дүниелер. Жүздеген жыл бойы ыдырамай жата беретін заттар табиғатқа орасан зор зиян келтіреді. Мұны жастар жақсы біледі. Олар аптасына екі рет түрлі эко-акция ұйымдастырып тұрады екен.

Дархан Теміртас, «Modern Qazaqstan» ҚБ төрағасы:

-Бүгін «Taza Álem» жалпыұлттық жобасы аясында «Таза орман» атты экологиялық акция өткізіп жатырмыз. Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – жастарды қоршаған ортаны қорғауға баулу. Келесі жолы Есіл өзенінің жағалауын қалдықтардан тазалаймыз. Акция аптасына екі рет өтеді. Бастаманы жаз мезгілі аяқталғанша дейін жалғастырамыз.

Бүгін өткізілген «Таза орман» акциясына елуден аса колледж студенті қатысты. Шарапаты мол шарада жастар ондаған қап қоқыс жинады.

Бердимурат Баймухан