Шаховское тұсындағы қоқыс полигоны “Қызылжар Тазалық” серіктестігіне қарайды. Бірақ, аталған кәсіпорын істің экологиялық талапқа сай жүргізілуін реттей алмай отыр. Экология департаментінің мамандары аталған нысанда жүргізілген тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылық анықтады.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы
- Департаментке келген арыздар мен әлеуметтік желіде жерлестеріміздің салған жазбаларының негізінде полигонға тексеріс ашылды.
9-03 Мұнда қоқыс жанған, яғни тығыздалу жұмыстары жүргізілмеген. Қалдықтарды сұрыптау бойынша линия бар. Бірақ, оның жұмысы да көңіл көншітпейді. Сондай-ақ, осы полигонға экологиялық кодекспен бекітілмеген қалдықтар әкелінгендігі анықталды.Бұл аздай, тағы бір олқылық анықталды. Полигонға әкелініп төгіліп жатқан тұрмыстық қалдықтар аумақтың шекарасынан асып кетіп, сайын далада шашылып жатыр. Жел тұрса қоқыс атаулы қаңбақша айналып жер аса береді. Оның жолын кес-кестейтін қоршау қарастырылмаған.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы
- Осы 3 заңбұзушылық бойынша серіктестікке айыппұл салынды. Жалпы сомасы 200 мың теңгеден асады. Сондай-ақ, осы заңбұзушылықтарды жою бойынша нұсқама берілді. Қазіргі таңда департамент пен сот өкілдеріне шағым дайындалды олқылықтарды жойғанша дейін полигонның жұмысын тоқтата тұру жөнінде.
Өз тарапынан кеткен олқылықтарды кәсіпорын өкілдері жоққа шығарып отырған жоқ. Полигон толуға жақын, техника тозған, қоқыс сұрыптайтын желінің қауқары төмен. Мәселені шешудің бір-ақ жолы бар. Ол үшін тарифті көтеру қажет дейді серіктестіктің экологы Татьяна Ковтун.
ТАТЬЯНА КОВТУН, “Қызылжар Тазалық” ЖШС экологы
- Қоқысты тығыздау жұмыстарын қаржылық жағдайымызға қарай жүргіземіз. Тұрмыстық қалдықты инертті материалмен оқшаулаймыз. От тұтанса, оны сөндіру үшін келісімшарт негізінде арнайы техника шақыртамыз. Бұның барлығы ақшаға келіп тіреледі. Тариф төмен. Соңғы рет 2018 жылы көтерілді. Тарифтің аздығынан өз техникамызды жөндеуге де, жұмысшылардың жалақысын төлеуге де шамамыз жетпей жатыр.
Полигонның аумағы 28 гектарды құрайды. Сыйымдылығы – 1 млн 480 мың тонна. Аумақ 85 пайызға толып тұр. Мамандардың айтуынша 2024 жылы полигонның белгіленген мерзімі таусылады.
Алдияр Айтпаев