МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданының әкімі есеп берді

12 айда атқарылған шаруа қорытындыланып, алдағы жоспар айқындалды. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Айыртау ауданының әкімі Ерболат Бекшенов есеп берді.

Айыртау ауданында биыл 269 мың гектар жерге дәнді және дәнді бұршақты дақылдар егіледі. Ауданда егістік жұмыстары басталып кетті. Өнімнің бітік шығу үшін күтім қажет. Диқандар 15 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш сатып алған. Қауырт науқанға 100-ден астам ауылшаруашылығы техникасы тартылған. Мал шаруашылығына келер болсақ, аудандағы серіктестіктерде қара мал басы 2017 жылдан бастап 13 пайызға көбейген.

ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, Айыртау ауданының әкімі:

– Өткен жылы ауданға 478 асыл тұқымды мал әкелінді. Былтыр 2 бірдей тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Ағымдағы жылы Қаратал мен Антоновка ауылдарында да осындай заманауи кешендер салынады. Ауданда сүт өндірудің жылдық көлемі 4 мың тоннаны құрады.

Туристік әлеуеті зор ауданда саланы дамытуға соңғы 5 жылда 4,3 млрд теңгеден астам инвестиция құйылған. Қомақты қаржыға туристік бағыттар бойынша 28 шақырым жол жөнделіп, абаттандыру жұмысы жүргізілді. Бүгінгі таңда ауданда 44 туризм нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың қатары биыл тағы 11 объектімен толығады. Ауданда туризм саласына ғана емес, сондай-ақ, жалпы инфрақұрылымға қатысты мәселе баршылық.

ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, Айыртау ауданының әкімі:

– Негізгі мәселелер әдеттегідей жол, баспана, таза ауыз су, жарық пен жылуға қатысты. Аудандағы автомобиль жолдарының ұзындығы 1061 шақырымды құрайды. Соңғы 3 жылда бұл бағытқа 7,2 млрд теңге бөлініп, 300 шақырымнан астам жол жөнделді. Бұл сапалы жолдардың үлесін 67%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Биыл Саумалкөлде ішкі жолдар қалыпқа келтіріледі. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша Карасевка, Имантау және Антоновка ауылдарының да жолдары жөнделеді.

Биыл ауданда көппәтерлі 20 және осынша жер үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады. Интернеттің сапасын жақсарту бойынша да жұмыс жоспарлы түрде жүріп жатыр.

ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, Айыртау ауданының әкімі:

– Былтыр 12 елді мекенде интернет сапасы жақсарды. Биыл өзге ауылдарға интернет тарту жұмысы жалғасын табады. Сондай-ақ, Лобанов және Имантау ауылдық округтерінде 4 ұялы байланыс мұнарасын орнату жоспарланып отыр.

Өткен жылы ауданда 3 мектпте күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл 378 млн теңгеге тағы сонша білім ұясы қалыпқа келтіріледі.

Дана Ешкенова